Астанадағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы биыл ашылмайтын болды
|
Астанадағы жарнамасы жер жарған бүкіл арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы биыл ашылмайтын болды. Жыл соңында пайдалануға беріледі деген орталықтың әлі құрылысы да толық аяқталмаған.
Халыққа қызмет көрсету орталығы Астана әуежайына шығар жол үстінде салынып жатыр. Ен далада орналасқан бұл жерде қазір мына ғимарат қана тұр. Оның өзі бос, төңірегі қараусыз қалған. Айта өтейік, көлік жүргізушілеріне қызмет көрсететін мұндай орталықтар Елбасының тапсырмасымен жылдың аяғына дейін еліміздің 4 қаласы - Астана, Алматы, Қарағанды мен Ақтауда ашылуы тиіс-тұғын. Мұнда көліктерді тіркеу, мемлекеттік нөмірлер алу, автокөлік жүргізуден емтихандар тапсыру, көлік жүргізушісіне куәліктер беру сияқты қызметтер көрсетілуі тиіс болатын. Алайда, астаналық көлік жүргізушілер бұл орталықтың ішіне келесі жылы ғана кіретін сыңайлы. Өйткені, елорда басшылары құрылысты аяқтауға ақша таппай отыр. Бар қаржы тек сметалық жобалау құжаттарын дайындауға ғана жеткен. Сондықтан орталықты іске қосу жұмысын қала әкімі келесі жылдың мамыр айына ауыстыруды сұраған. Бұл ұсыныс әрине, Үкімет басшысына ұнаған жоқ. Ол тез арада мәселені шешуді өзінің орынбасары Қырымбек Көшербаевқа тапсырды.
Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі:
- Бір аптаның ішінде бұл мәселе шешілуі тиіс. Президент Әкімшілігіне тиісті ақпараттарды дайындаңыздар. Нақты не себеп болды -соны анық көрсетіңіздер. Егер Ішкі Істер министрлігі мен көлік және коммуникация министрлігі себепші болса - оны көрсетіңіздер, егер әкімдік пе-оны да жазыңыздар!
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін