Жарияланды: 790

Астанадағы клиникалардың бірінде аяғымен сурет салатын бала емделуде

Астанадағы клиникалардың бірінде аяғымен сурет салатын бала емделуде

Астанадағы Республикалық балаларды оңалту орталығында церебральды сал ауруына шалдыққан 17 жасар Данияр Қасымхан емделуде.

Бір қызығы, ол оңалту шараларынан кейін қолынан гөрі аяғымен жақсы икемге келген. Соның арқасында аяқтарымен жазып қана қоймай, қысқа мерзім ішінде сурет салу техникасын меңгеріп үлгерді. Республикалық балаларды оңалту орталығының невролог-дәрігері Гүлшара Сисенғалиеваның айтуынша, аяқ-қолының сал болғанына қарамастан, Даниярдың ойлау қабілеті, сана-сезімі жақсы дамыған. «Тіпті өз ой-толғамдарын хат-қағазға түсіргенде, жазуынан бір қате таба алмайсыз», - дейді ол. Даниярдың өзімен сұхбаттасқанымызда, ол компьютерлік бағдарламашы болуды армандайтындығын айтты. Неліктен бұл мамандықты ұнаттың деп сауал қойғанымызда, «Америкаға барғым келеді», - деп жауап қатты. «Бұл бала бізде церебралды сал ауруы диагнозымен жатыр. Реабилитациялық емді жыл сайын алып тұрады. Қазіргі уақытта денесінің даму қарқыны жақсы. Емдік шаралардан кейін, Данияр отырып, аяғымен сурет салуды үйренді. Енді қолын жұмыс жасатуға жаттықтырып жатырмыз. Негізі біздің түпкі мақсатымыз осындай балаларды қоғам өміріне бейімдеу болып табылады», - деп атап көрсетті дәрігер. «Данияр суретті қылқаламмен ғана емес, қарындашпен және ағаш тақтайшаның бетін күйдіріп, сурет сала алатын, әмбебап әрі дарынды бала. Өзі қазақи тақырыптағы суреттерді салуды жақсы көреді. Салт аттыларды, ұлттық ойындарды қағаз бетіне түсіргенді ұнатады», - дейді оның клиникадағы еңбек нұсқаушысы Талғат Жоланов. Қазіргі уақытта аяғымен сурет салатын жас қылқалам шебері Қарағанды облысы Жезқазған қаласында тұрады. №13 орта мектепте білім алуда. Клиника басшысы Шолпан Бөлекбаеваның сөзінше, аталмыш орталықта 5 жылдың ішінде республиканың әр өңірлерінен 18 мыңнан астам бала ем алып шыққан. Жалпы елімізде сал ауруына шалдыққан 48 мыңнан астам бүлдіршін бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін