ТМД елдеріндегі алғашқы орыс театрының бірі болып табылатын Астанадағы Максим Горький атындағы Орыс драма театры өзінің 110 жылдық мерейтойын атап өтуде.
«Осыдан 110 жыл бұрын, ХХ ғасырдың басында, 1900 жылы қазақ даласында орыс театрының болуы — қазақ даласында мәдениеттер бірлігінің айқын көрінісі, ұлттардың жарасымды, тату-тәтті өмір сүргендігінің белгісі. Театр әрқашан қоғамды «тәрбиелеу мектебі» болғандықтан, мәдени ошақ Қазақстан халқының рухани дамуының іргетасы болып табылады деп нық сеніммен айта аламыз»,- деп жазылған Қазақстан халқы Ассамблеясының таратқан ақпарында.
Орыс драма театры 1899 жылы «драмалық өнерге әуес жұрттың өтініші» бойынша тұңғыш рет Ақмола жерінде негіз қалады. Әуелде қалалық басшылықтың және Кубрин деген көпестің қаржысына салынған театр үйі, кейін Мұхтар Әуезовтің өзі келіп спектакль қойылымдарын қоятын өнер ошағына айналды.
Әр жылдары бұнда «Халық қаһарманы» орденінің иегері Әзірбайжан Мәмбетов, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Е. Орел, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртістері Е. Марусина, С. Групп, Н. Миловидов, А. Ходаев, И. Горошевич, Н. Назарковская, А. Червов, Молдавияның Еңбек сіңірген әртісі Р. Светинская, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М. Ковалева, ҚР Халық әртісі В. Архипенков, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері С. Прилуцкая сынды ірі театр майталмандары өнер көрсетті.
Қазір театр репертуарында Н. Гоголь, А. Чехов, Ж. Кокто, А. Вампилов, Н. Птушкина, У. Шекспир, С. Мрожек, Р. Отарбаев және тағы да басқа жазушылар пьесаларының негізінде жазылған 20-ға тарта спектакль бар.