Жарияланды: 550

Астанадағы медициналық конференцияға 300-ден астам танымал сала мамандары қатысуда

Бүгін елордада «Перинатальдық медицинадағы қазіргі заманғы технологиялар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы» АҚ базасында ұйымдастырылды. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова қатысып, бұл іс-шараның мән-маңызына ерекше тоқталды. «Бүгінгі конференцияда медицина саласының белді мамандары бас қосып отыр. Соның ішінде Қазақстан бойынша 300-ден астам әріптестеріміз, сондай-ақ АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Литва, Украина, Ресей елдерінен 16 спикер шақырылды. Алға қойған мақсат-жоспарларымызды жүзеге асырсақ, бұл біздің жарқын болашағымыздың кепілі болады», - деді «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасы Елжан Біртанов. Ғылыми іс-шараның талқылауларына қазіргі таңдағы неонатологияның, педиатрияның, акушерияның көкейкесті мәселелері қамтылды. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелерді диагностикалаумен, емдеумен және күтумен айналысатын мамандардың арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынастары сөз болды. Ал жиынға қатысушыларға әлемдік деігейдегі мамандардың дәрістері оқылды. «Біз үшін күн сайын ана мен бала денсаулығына қатысты кез келген мәселені талқылап отыру өте маңызды. Біз бұл ұйымның негізін 40 жыл бұрын қаладық және сол уақытта ана мен бала паспортын аштық. Осыны енгізгеннен кейін, біз ана мен бала өлімінің азайғандығын анықтадық. Сол себепті де, сіздерді де осындай перинатальдық медицина қоғамын құруға шақырамын», - деп атап көрсетті Австрия перинатальдық медицина қоғамының бас хатшысы Кристиан Дадак. Ал «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының» АҚ Басқарма төрағасы Лукас Якобистің айтуынша, «Ана мен бала орталығы әлемдік денсаулық сақтау ұйымының қауіпсіз жүктілік бағдарламасы аясында еңбек етіп келеді. «Перинатальдық медицинаның заманауи құрылғылары Қазақстандағы перинатальдық медицинаның дамуына септігін тигізеді. Ал осы конференция жаңа технологияға жасаған үлкен қадамымыз. Өйткені, дәл осы жерде біз тәжірибемен, ой-пікірлерімізбен және ғылымдағы соңғы жаңалықтар бөлісе аламыз», - деді бүгінгі конференцияның маңыздылығын атап өткен Л. Якобис. Конференция соңында, ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, «еліміздің болашағы осы залда отырған әрбір адамға байланысты. Бұл жай ғана сөз емес. Себебі, ана мен бала өлімі бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі, оны Елбасының өзі жеке қадағалап отыр. Конференция екі күн қатарынан жалғасады. Сондықтан, осы екі күннің ішінде кездесіп, ауыл-аймақтардағы еленбей қалып жатқан мәселелерді талқыға салып, шара қолданайық», - деп аяқтай келе, әріптестерін ертең министрлікке жеке кездесуге шақырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть