«Отан» партиясы фракциясының бастамасымен өткізіліп отырған форумға парламенттегі барлық парламенттік фракциялардың мүшелері, соның ішінде Азаматтық, Аграрлық, «Ауыл» және «Асар» партиясының мүшелері қатысуда. Сондай-ақ, бұл жиынға жақын шетелдер мен Қазақстан парламентіндегі басқа да саяси партиялардың, бейресми ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері атсалысуда.
Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай шараға қатысушыларға арнаған өз сөзінде : «парламенттегі депутаттық фракциялар туралы мәселені талқылау арқылы біз демократия мен азаматтық қоғамның бір маңызды институты туралы сөз қозғап отырмыз. Заң шығару жұмыстарының бел ортасында жүретін дәл осы фракциялар — сайлаушылардың мүддесін мейлінше икемді, ретті әрі жауапты түрде паш ете алады»,- деді.
Ж.Тұяқбайдың айтуынша, «Қазақстан бүгінде ауқымды саяси өзгерістер қарсаңында тұр». «Парламенттік фракциялардың жасампаздық әлеуеті айрықша зор, фракциялардың мүшелері қазіргі заманғы парламентаризм үрдісіне сәйкес өз жұмыстарын жетілдіре түсу қажеттігін жақсы ұғынады. Алайда, бұл түсіністік көп жағдайда іс-қызметтің жаңаша сапалық әдістемелерімен сабақтаса бермейді». Спикердің бұдан әрі ой сабақтауына жүгінсек, саяси партиялар бұдан былай заң шығару жұмысына ықпал жасаудың тың мүмкіндіктеріне ие болып, еліміздің саяси тыныс-тіршілігіне араласу салмағы арта түседі. «Сол себепті партиялар мен фракциялар осынау жаңаша рольді нақты жаңғыру жағдайында қабылдап алғаны жөн. Сондай жағдайда ғана жаңартушылық сандалыс кезеңі туралы емес, Қазақстандағы саяси жүйені дамытудың жаңаша кезеңі басталды деп шынайы айта аламыз».