Астана қаласындағы №1 перинаталды орталықта емделіп жатқан жүкті әйелдерді белгісіз біреу тонап кетті. Қазір бұл істі елорда полициясы тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Фейсбук әлеуметтік желісіндегі топтардың бірінде перзентханадағы патология бөлімінде ұрлық жасалғаны хабарланған болатын. «Жүкті келіншектер түскі ас кезінде зардап шекті. Ақша, жеке куәлік, карточка мен жүргізуші куәліктері салынған әмияндар ұрланды. Ах халатта, медициналық бетперде мен көзілдірікте болған бейтаныс бір әйелден күдіктеніп отырмыз. Бұл әйелді танығандарыңыз болса, құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар. Бейнебақылау камерасынан көргеніміздей, ол түскі үзіліс кезінде бүкіл бөлімшені аралап шыққан. Мен зардап шеккендердің бірімін. Мен түскі сағат 12:50 мен 13:23 аралығында асханадан тамақтандым. Перзентхана қызметкерлері сияқты киініп алған соң, оған ешкім мән бермеген»,-деп жазған зардап шеккендердің бірі. Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Әнуарбекқызының айтуынша, қазір бұл фактіге қатысты соталды тергеу басталды. «Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша соталды тергеу басталды. Жедел әрекет ететін топ күдікті әйелдің кім екенін анықтап, қолға түсіру үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде»,-деді ол.