Астанадағы спорт ғимараттарының лауазымды тұлғалары заң бұзушылыққа жол беріп келген - kaz.caravan.kz
  • $ 478.58
  • 520.84
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанадағы спорт ғимараттарының лауазымды тұлғалары заң бұзушылыққа жол беріп келген

Астанадағы спорт ғимараттарының лауазымды тұлғалары заң бұзушылыққа жол беріп келген

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес Астана қалалық прокуратурасы қала аумағында орналасқан спорттық-сауықтыру кешендерінің қызметтеріндегі заңдылықтың сақталуы мен тиімділік мәселелері бойынша тексеру өткізді. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

  • 11 Қаңтар 2013
  • 349
Фото - Caravan.kz

Тексеру нәтижесінде спорт ғимараттарының лауазымды тұлғалары тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, коммуналдық меншік болып табылатын спорттық ғимараттардың заңсыз жалға берілуі, нысандарды пайдалану мақсатынан тыс қолдану, штаттық бапкерлер құрамының жинақталмауы, тиісті біліктілігі және білімі жоқ инструкторлармен спорттық жаттығулар өткізу, жас шамасы тиісті жасқа толмаған балаларды оқыту және басқа да заң бұзушылықтар анықталған.

Мысалы, «Дәулет» спорткомбинаты» мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасының Туризм және спорт агенттігі төрағасының 2003 жылғы бұйрығымен бекітілген Спорт мектептерінде оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру тәртібі туралы регламенттің 9 тармағын бұза отырып, теннистен бастауыш дайындық топтарына балаларды жас мөлшеріне байланысты шектеулерге қарамастан қабылдаған. Аталған регламентке сәйкес топқа қабылдау 7-9 жастан басталады. Ал «Алау» мұз сарайы» кәсіпорны допты хоккей, шайбалы хоккей, шорт-трек бойынша бастауыш дайындық топтарына балаларды шекті жас мөлшеріне қарамастан қабылдауы арқылы регламентті бұзған. Ережеге сәйкес аталған топтарға балаларды қабылдау 9-11 жастан басталады. Осылайша, кәсіпорын бұйрықтарына сәйкес шайбалы хоккейге 9 жасқа толмаған 41, шорт-трекке — 3, мәнерлеп сырғанау тобына 6 жасқа толмаған 28 бала қабылданған.

«Бұдан бөлек, спорт нысандарының қауіпсіздік шараларының тиісті түрде қамтамасыз етілмеуі фактілері анықталды. «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның 15-бабына сәйкес дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу мақсатындағы нысандар мен ғимараттарды пайдалану санитарлық және өрт қауіпсіздіқ ережелеріне сай болуы қажет. Алайда, нысандардың барлығында дерлік техникалық реттеу және метрология, өрт қауіпсіздігі және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылғандығы кездеседі. Мәселен, спорттық нысандар қызметкерлерінің медициналық кітапшаларында сараптамадан өткендігі туралы жалған белгі қойылуы бойынша 68 факті анықталды. Сондай-ақ, спорт нысандарында 1700 бірліктен астам сенімсіз өлшем құралдарының қолданылуына байланысты «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңның 19-бабының 1-тармағының бұзылғандығы анықталды. Көрсетілген барлық заң бұзушылықтар бойынша Астана қаласының прокуратурасы мемлекеттік органдарға заң бұзушылықты жою туралы 8 ұсыныс енгізді», — делінген баспасөз хабарламасында.