ҰОС ардагерлерін Қазақстандағы Ресей Елшісі Михаил Бочарников, Қазақстандағы Украина Елшісі Олег Демин, Республикалық гвардияның қолбасшысы Абай Тасболатов құттықтады.
Ардагерлерді құттықтап келген қонақтар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінің көмегімен елордалық тұрғындардан жиналған қайырымдылық кітаптардан жасақталған кітапхананы өздері ала келген дүниелерімен толықтырды.
Госпиталь директоры Әділхан Абдулиннің айтуынша, қайырымдылық акциясы барысында орыс, қазақ және украин тілдерінде басылған барлығы 4,5 мыңнан астам кітап жиналды. Емдеу мекемесінде бұған дейін өзінің кітапханасы болған жоқ.
Көрермендер алдында Президенттік оркестр мен Республикалық гвардияның оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ іс-шара барысында «Фашизмды жеңіп шыққан жауынгерлер алдында басымызды иеміз!» атты бірегей суреттер көрмесі ашылды. Онда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен оқытушылары, орта білім беретін мектептер оқушылары сыйға тартқан жұмыстар қойылды.
Айта кетейік, Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған клиникалық госпиталь Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Петропавл облыстары мен Астана қаласындағы ҰОС ардагерлеріне, чернобыльдықтарға, Семей полигонынан зардап шеккен жандарға қызмет көрсетеді. Республикада бұл санатқа жататын барлығы 800 мың адам бар. Астанада — 2 мың 950 адам.