Атап айтқанда, арнайы мерекелік қызметтер республиканың барлық шіркеулерінде өтуде. Бұл ең негізгі және ұлық христиан мерекелерінің бірі. Оның ұзақ жылғы тарихы бар. Осы орайда бүгінгі мерекеде Успен кафедралды соборы мұқтаж адамдарға көмек қолын созуға шақырды.
«Рождество мерекесі діндарлардың барлығының қайырымдылық, өзара жәрдемдесу және сүйіспеншілік сезімдерін, биік гуманистік және жасампаздық мұраттарын біріктіреді»,-дейді Успен кафедралды соборының протоиерейі Димитрий Байдек.
Өз сөзінде Д. Байдек Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ адамзатты сүю, бейбітшілік пен келісім саясаты жүргізіліп келе жатқандығын атап өтті. Бұл тұрғыда ол Қазақстанда Әлемдік діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп жатқандығын, біздің еліміз аталған діни жиынды өткізуге лайық болып отырғандығын баса айтты.
Астанадағы Успен кафедралды шіркеуінде жиылған жұртшылық алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рождество мерекесіне арналған құттықтауы оқылды. «Мемлекеттің өз азаматтарының рухани ұмтылысына деген ізгі де сыйластықты көзқарасы — біздің еліміздегі дінаралық келісімнің ең басты негіздерінің бірі. Адамзаттың мәңгілік ақиқаттарына, адамгершілікке, өзара құрмет пен қолдауға сүйене отырып, біз барлық конфессиялардың дамуына жағдай жасадық, ортақ үйіміз — Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен келісімді сақтай алдық»,-делінген Президент құттықтауында.