Астаналық дәрігерлер әлемде бұрын-соңды болмаған отаны жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астаналық дәрігерлер әлемде бұрын-соңды болмаған отаны жасады

Астаналық дәрігерлер әлемде бұрын-соңды болмаған отаны жасады

Әлемде алғашқы рет науқастың жүрегіне сымсыз қанайналым құрылғысы орнатылды.

  • 7 Ақпан 2019
  • 90
Фото - Caravan.kz

Әлемде алғашқы рет науқастың жүрегіне сымсыз қанайналым құрылғысы орнатылды. Ота Астанада өтті. Бұл туралы операцияға жетекшілік еткен елдің бас кардиохирургы Юрий Пя мәлімдеді.

Израильде ойлап табылған бұл инновациялық құрылғы адамның кеуде тұсына енгізіледі. Сырттан ешқандай арнайы көмекке тәуелді емес. Судан да қорықпайды. Ал, бұған дейін қолданылып келген құрылғылардың артық кабельдері көп, науқас өзімен бірге бірнеше қосалқы аппараттарды көтеріп жүруі қажет болған.

Ота 15 желтоқсан күні Астанадағы "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында" өткен. Оған 20-ға жуық маман қатысты.

"Мен оны ғарышкерге теңейтін едім. Себебі, оған әлем бойынша алғаш рет инновациялық құрылғыны орнату операциясы жасалды. Науқас өз бөлмесінен шыға алмайтын, қатты демікпесі болды. Қазір барлығы жақсы. Жаңа аппараттың батареясы оның кеуде тұсында орнатылған. Арнайы белбеу арқылы сымсыз зарядталады. Ал, қолындағы арнайы қолсағат арқылы ол өзінің денсаулығы жайлы керекті ақпаратты алып отырады", — дейді Юрий Пя.

Ал, 24 жастағы Исмаил Тұрсынов қалыпты өмірге қайта оралғанына қуанышты. Бірінші болып осындай ота жасату қорқынышты болғанымен, өмірге деген құштарлығы одан жоғары болғанын айтады.    


"Ауырмай тұрып 94 келі болған едім. Қазір 67 келімін. Операцияға дейін көп жүріп-тұра алмайтынмын. Қазір еркін қозғаламын, бассейінге де түсем. Импланттың бар жоғы білінбейді. Ауруханаға да күнде келе бермеймін. Аптасына бір-екі рет қана қан тапсыруға келіп тұрамын", — дейді Исмаил Тұрсынов.