Кеше чех Мирослав Беранек жаттықтыратын астаналықтар Молдованың Оргеев қаласының «Қызыл бүркіттер» деген лақап аты бар «Милсами Орхей» («Milsami Orhei») командасымен спарингтік кездесу өткізген болатын.
Екі команда да қарсыластар қақпасына кездесудің алғашқы жартысында соққан доптарын, ойынның екінші жартысында ұлғайта алмай, тең есепті қанағат тұтты. 2005 жылы «Вииторул» деген атпен өмірге келген бұл команда қазіргі атауын 2010 жылы иеленген еді. 2008/09 жылғы маусымда Молдованың «А» дивизионында үздік шығып, 2009/10 жылғы маусымнан бері Ұлттық дивизионда өнер көрсетіп жүр. Сергей Клещенко жаттықтыратын «милсамиліктер» 2010/11 жылғы маусымда Молдова Ұлттық дивизионында қола жүлдегер атанған. Өткен жылы УЕФА Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде олар қазақстандық «Ақтөбе» командасымен кездескен болатын. Онда 19 шілдеде өз алаңында 4:2 есебімен басым түскенімен, 26 шілдеде Ақтөбеде 0:3 есебімен жеңіліп, жарысты ерте аяқтаған еді.