Жарияланды: 500

Астананың 210 тұрғынына шаққанда алкогольді ішімдік сататын бір дүкеннен келеді

Астанада алкогольді ішімдік сатылатын сауда нүктелерінің тығыздығы бойынша қаланың 210 тұрғынына бір дүкеннен келеді екен.

Бүгін елордада алкогольге қарсы күрес мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысы барысында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының» дәрігер-үйлестірушісі Светлана Решетникова осылай айтты. «Бұл өте үлкен көрсеткіш, яғни бізде алкоголь саудасының таралуы кең. Әр дүкенде дәл осы алкогольді ішімдіктердің көптеген әр алуан түрлерін таба аласыз және олардың бағасы айтарлықтай қолжетімді», - деп сынға алды дәрігер. Светлана Решетникованың пайымдауынша, бүгінде қоғамда ішімдікке бет бұрудың қаупі бар. «Атап айтқанда, алкогольді пайдаланудың адам денсаулығына, отбасына және қоғамға ауыр салдарын тигізетінінде ешкімнің де күмәні жоқ», - деп түйді ол. Айта кетейік, бүгін - Қазақстан Республикасында алкогольді пайдаланудан бас тартудың ұлттық күні. Алкогольді пайдаланудан бас тартудың ұлттық күні елімізде 2007 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Ішімдікке салыну әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда адамды өлімге алып келетін және еңбекке жарамдылығынан айыратын себептердің бірі болып табылады. Алкогольді пайдалану жанұяда, жұмыста проблемалы жағдайларды туындатып, қайғылы оқиғалардың, криминалдық тәртіптің, кісі өлтіру мен өз-өзіне қол жұмсаудың қаупін арттырады. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қасақана және қасақана емес дене жарақаттарын салудың 40-60 пайызы ішімдікті пайдаланумен байланысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін