Жарияланды: 940

Астананың туған күні кеңінен аталып өтті; өңірлерден репортаж!

Астананың туған күні бір ғана қаланың деңгейінде емес, тұтас қазақ ұлтының ортақ қуанышы. Жылдағы дағды бойынша ұйымдастырылатын шаралар соның айқын көрінісі. Биыл да еліміздің түкпір-түкпірінде көздің жауын алатын мерекелік кештер өтті, ел бір-бірін мерейлі күнмен құттықтап,мәре-сәре болды.

Арқадағы бас қала, ресми аты - Астана. Еңселі елеулі Елордамыздың туған күні жылда аста төк тойға ұласады. Биыл да сол дәстүрден жаңылмады,ел. Дүниеге Астана деген жаңа қаланың келген күнін жұрт жұмыла тойлауда, Алматы да бұл думаннан қалыс қалмады. Айтудай-ақ айтқанмен айдай әлемге ықылымнан аян ақиқат бар. Сарыарқа төсінде еркін көсілген бас қалаға шекпенін шешіп берген Алматы еді. Алатаудың бөктеріндегі тарихи Алматы батасын беріп,басшысы мен қосшысын қоса аттандырған-ды. Бүгін Оңтүстік астананың орталық саябағына лық толған елдің жүзінде қуаныш. Солардың бірі - жас суретші Ибраһим. Елордамен түйедей құрдас, Есіл жағасын қалдырып, мерекеде арнайы Алматыға келген. Көргенді бала Астанаға арналған сурет сайысында қамшы салдырмады, жүлде қанжығасында кетті. Ибраһим Батталов, жас суретші: - Мен өз суретімде «Бәйтеректі» салдым, өйткені ол өте әдемі. «Хан шатырды» да салдым, өйткені ол менің ең сүйікті жерім, сол жерде қыдырамын, достарыммен киноға барам. «Балтасы бардың барлығы шетінен шебер болмайдының» кері келді, қарындашта ырыққа оңайлықпен көнбейді екен. Орталық саябақтағы сурет салу сайысына 100-ден астам жеткіншек қатысқан. Астананың барлық нышанын осы тас жолдың үстінен табасыз. Бірақ балғындардың жартысынан астамы бірінші боп «Бәйтеректі»бедерлепті. Біз де байқап көрдік. Мегаполис дейтін мандаты бар Алматыда миллионнан аса тұрғын бар. Бүгінгі мерекеден тыс қалмады,бірі де. - Астана күні құтты болсын! Қазақстанымыз гүлдей берсін,жылда жарқырап! - Әсер еткені сондай, қызығасың, өзіңді керемет сезінесің! Әдемі қала, өте әдемі! Ақсақал Алатаудың етегіндегі ел де мерекені елеп алаңға шығып, арқа-жарқа болды. Үшқоңырда 6 шілденің думан асыр тойға айналғанына айлар емес, жылдар өтті. Қазақ атырабы тәуелсіздік алғанда жас мемлекеттің бағытын бағдарлаған Елбасының туған күні. Бірақ бүгін тұтас елдің жеңісіндей, тәуелсіздік жемісіндей болған Астанаға арналды, ән мен би, жыр мен күй. Астанамен қапталдас қоныстанған Қарағандыда мереке лебі кешеден еседі. Қуанышқа сусаған Абай қаласында субұрқақ ашылды. Елорда күніне арнап бедерленген субұрқақтың қақ ортасында Тәуелсіздік монументі тұр. Мәрмәр тастарға жыр жолдары түзілген. Тәтті лебізбен орынды тілекте есеп жоқ. Сара Бегімова: -Астанада болғанмын, өте әдемі қала. Астананың туған күні құттыболсын! Көркейе берсін! Атырауда мереке дейтін мерейлі күнде темір торға тоғытылғандар да бір жасап қалды. Қаладағы 157-10 қоныс колониясындағылар қолдары қалт еткенде Елорданы құттықтауға асықты. Өздері жұмыла жүріп,шағын кеш жасады. Нұрлан Өтепқалиев,жазасын өтеуші: - Астана күнін, біз, сотталған азаматтар, Қазақстан азаматтары, құттықтап, шағын концерт ұйымдастырып жатырмыз. Бәріне жақсылық, табыс тілейміз, рахмет! Елорданы елеп, ақжарқын тілектің астында қалдырған әулиелі мекен-Маңғыстаудың жастары толқынмен тартысты. Теңізге шығыпқайықтарын қамдаған олар ескекті шірене есіп,кім мықтыны анықтады. Белгіленген ара қашықтықты жылдам жүзіп өткендер мерекелек сый-кәдеге ие болды. Айтып ауыз жиғанша,еліміздің өзге өңірлері де Арқа төсіндегі ару Астанаға жылы лебіздерін жолдауда. Астана - тұтас елдің қуанышы, тәуелсіздіктің тұғыры, қазақ дейтін қайсар елдің қолымен тұрғызған ертегі шаһары.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін