Халықаралық турнир 18-21 қараша күндері 1992-95 жылдары туған жасөспірімдер арасында кикбоксингтің «А» санаты бойынша өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстанның 8 қаласынан спортшылар қатысты. Астанадан барған жиырма жастың он екісін №3-інші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Данияр Шымыров бастап барды. Жарыста барлығы 300 спортшы өнер көрсетті.
Турнир кикбокснигтің екі бағыты бойынша өтті — «фулл-контакт» және «лоу кик». Тартысты өткен доданың нәтижесінде Д.Шымыровтың шәкірттері намысты қолдан бермей, 12-сінің сегізі әртүрлі құндылықтағы наградаларды иеленіп қайтты.
Атап айтқанда, «лоу кик» бойынша — Нұрдәулет Мұхи (54 келі), «фулл-контакті» бойынша — Еламан Тұраров (51 келі) пен Аяділ Балғазаров (54 келі) алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ «фулл-контактіде» Серік Сейілбеков (57 келі), Азамат Дүйманов (60 келі) пен Сағыныш Мұхамеджанов (60 келі) — күміс, Дархан Төлеқожа (45 келі) мен Дәурен Меделбек (75 келі) — қола медальдарға қол жеткізді.
Жекпе-жек алаңына екі мәрте шығып, екеуін де айтарлықтай басымдықпен ұтқан турнир чемпионы Нұрдәулет Мұхидың айтуынша, ресейлік спортшылардың дайындықтары өте жоғары болған. Сондықтан бәсекелер өте қызу әрі тартысты өтті. Елордалық жастарға 300 спортшының арасынанүздік шығуларына олардың бұған дейінгі жарыстарда жинаған мол тәжірибесі сетпігін тигізді. Мәселен, Н.Мұхидің өзі соңғы екі жылда қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда екі алтын, бір күміс және бір қола медальдарды қанжығасына байлаған.