Астананың жасыл белдеуін 50 мың гектарға дейін жеткізу туралы талап қойылды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астананың жасыл белдеуін  50 мың гектарға дейін жеткізу туралы талап қойылды

Астананың жасыл белдеуін 50 мың гектарға дейін жеткізу туралы талап қойылды

Астананың жасыл белдеуі жан-жануарлармен толықты. Бүгін мұнда қолдан өсірілген қырғауылдар мен еліктер әкелінді. Аңдар тоғай арасында серуендесе, халық үшін арнайы жолдар салынды. Жақын арада орманды алқапта велосипедпен де жүруге болады екен. Жаңа асфальттің сапасын бүгін Президенттің өзі тексеріп көрді.

  • 11 Маусым 2011
  • 665
Фото - Caravan.kz

Астананың жасыл белдеуін құрайтын орман алқабының көлемі бүгінде 16 жарым мың гектардан асады. Осыған дейін мұнда өсімдіктер мен ағаштарды егу шаралары өткізілсе, алдағы уақытта құстар мен жануарлар әлемін байыту бойынша жұмыс атқарылмақ. Бұл ерекше қорғалатын аймақ болып саналғандықтан,аңшылық жасауға қатаң тыйым салынған. Ал заңды бұзғандар үшін қылмыстық жаза қарастырылып отыр.

Бұл жолы орманды күзетушілер тіптен көбейіпті. Жасыл желекті алқапқа бүгін Президенттің өзі келді. Жауапты кездесуге дейін жұмыскерлер даярлықтарын тез аяқтауға тырысты. Бір айтары, олармен бірге Елбасын орманның болашақ тұрғындары да асыға күтті. Биыл мұнда 500-ден астам қырғауылды әкелу жоспарда бар. Бұл құстар тоғайды зиянды жәндіктерден тазартады. Балапандарды өсіретін Денис Калинин қазірдің өзінде құстардың келесі кезегін дайындауда.

Денис Калинин, қырғауыл өсіруші:

Әр құстың өзіндік мінезі де бар; жанұя құрып, бір-біріне адал болады. Жалпы,қырғауылды өсіргеннен кейін көп қызықты нәрсе білдім. Әрине, күту қиын, бірақ еңбек жемісін көргенде қуанасың.

Астана маңында бұрын өспеген ағаштар да биыл егіле бастады. Асыл тұқымды қарағай, балқарағай мен шырша көшеттері Қазан қаласынан жеткізілген. Ал отырғызуда жаңа тәсілдер қолданылады.


Жарқын Жұмағұлов, «Астана-Зеленстрой» АҚ директоры:

— Ашық тамырмен отырғызғанда көп ағаштар жапырақтарын бере алмайды. Тамырмен алып келгенде ауырмай, дұрыс өседі.

Аймақты әуеден де, жерден де бақылаған Нұрсұлтан Назарбаев орманшылар еңбегін бағалады. Ал болашақта жасыл белдеу аумағын 50 мың гектарға дейін жеткізу туралы талап қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Велосипедпен ары-бері жүретін жерлері бар, демалатын жерлері бар. Сондықтан біздің қаламыздың өзі ғана әдемі емес, төңірегінде болмаған орман өсіп келе жатыр.

Орман қырғауыл, елік, қоян мен түлкі үшін де екінші үйіне айналары сөзсіз. Тар торлардан жалыққан аң, құстар бүгін тұңғыш рет еркіндіктің рақатын сезінбек. 

Соңғы жаңалықтар