Астық бағасының қымбаттауы салдарынан еліміздегі құс және шошқа санының азаю ықтималдығы пайда болды - Құс өсірушілер одағы - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астық бағасының қымбаттауы салдарынан еліміздегі құс және шошқа санының азаю ықтималдығы пайда болды - Құс  өсірушілер одағы

Астық бағасының қымбаттауы салдарынан еліміздегі құс және шошқа санының азаю ықтималдығы пайда болды - Құс өсірушілер одағы

Астық бағасының шұғыл қымбаттауы салдарынан еліміздегі құс және шошқа санының азаю, соған сәйкес елімізде ет өндіру мөлшерінің азаю ықтималдығы пайда болды. Бұл туралы бүгін, 12-ақпанда KZ-today тілшісіне берген сұхбатында ҚР құс өсірушілер одағының президенті Василий Гусев пікір білдірді.

  • 12 Ақпан 2004
  • 547
Фото - Caravan.kz

Құс өсірушілер одағының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда жемдік мақсаттағы арпаның бір тоннасының бағасы 135 долларға дейін өсті. Баға бұдан әрі өскен жағдайда құс еті мен жұмыртқа өндірудің экономикалық тиімділігі төмендеп, құс шаруашылықтары өз өнімінің бағасын қымбаттату туралы мәселе көтеруге мәжбүр болмақ. Бұл өз кезегінде азық-түлік нарығындағы бағаның қымбаттауына апарып соққалы отыр.

В.Гусевтің айтуынша, құстарды жаппай сойысқа жіберу салаға айтарлықтай шығын әкелмейді. Дейтұрғанмен бұл саланың дамуына тежеу болып, отандық құс өсірушілердің ішкі рынокты қазақстандық өнімдермен қамтамасыз етуге және ТМД рыногына шығуға жасап отырған талпыныстарына кедергі келтірмек.
Дәл осындай ахуал шошқа шаруашылықтарында да қалыптасып отыр. ҚР ауылшаруашылығы министрлігіне еліміздегі кейбір шаруашылықтарда шошқа санының азайғандығы туралы ақпарат келіп түсе бастады.
В.Гусевтің хабарлауынша, ҚР құс өсірушілер одағы «Мемлекеттік азық-түлік келісім-шарт» корпорациясының резерв түрінде сатып алған 20 мың тонна арпасын көмек-қарыз түрінде жаңа астықтан қайтару талабымен мал шаруашылықтарына тарату туралы ұсынысты ҚР ауылшарашылығы министрлігіне жолдады. Одақ президентінің пайымдауынша, бұл шара мал санын сақтап қалуға және ет пен жұмыртқа бағасын көктем бойына қазіргі деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
2003-жыл қорытындысы бойынша қазақстандық құс фабрикалары 40 мың тонна құс етін өндірді. Ал республикамыздағы ішкі сұраныс 80-90 мың тоннаны құрайды. Құс етінің тапшылығы импорт есебінен, соның ішінде негізінен АҚШ-тан әкелінетін құстың сан еті есебінен толықтырылады.

Соңғы жаңалықтар