Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының мәртебесін сақтау қажет-БҚО мамандарының пікірі - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының мәртебесін сақтау қажет-БҚО мамандарының пікірі

Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының мәртебесін сақтау қажет-БҚО мамандарының пікірі

1998 жылы қабылданған «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңға байланысты әзірленіп жатқан өзгерістер төңірегінде

  • 15 Маусым 2011
  • 1393
Фото - Caravan.kz

Батыс Қазақстан облысында белгілі мамандар, еңбек ардагерлері Федор Скобычкин, Петр Нәсіпов және ҚР АШМ облыстық аумақтық инспекциясы асылдандыру бөлімінің бастығы Мақсот Балқыбаев өз ұсыныс-пікірлерін былайша білдірді.

-Асыл тұқымды мал шаруашылығы жөнінде Астанада өткен мәжіліске қатысудың реті келді, — деді кезінде «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына басшылық еткен Ф.Скобычкин. — Сол жиында «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні жайында кеңінен сөз болды. Нақтылап айтқанда, «асыл тұқымды мал шаруашылығы», «асыл тұқымды мал зауыты» деген болмайды, оның орнына «асыл тұқымды мал» деген мәртебе (статус) болады деген ұсыныстар жиі айтылды. Заңға да сондай өзгерістер енгізілмек. 1998 жылы қабылданған заң бұған дейін өзінің міндетін біркелкі атқарып келді және ол бұл сала мамандарының көңілінен шықты деп айтсам қателеспеспін. Заңдағы өзгертілгелі тұрған тармақтардың біразы маман ретінде менің көкейіме онша қоныңқырамайды.

Жасыратын несі бар, еліміздегі асыл тұқымды малдың жағдайы жақсарып келеді деу қиын. Асылдандыру жұмыстарын мүлдем тоқтатып, тіпті тастап кеткен жоқпыз ба деп те қорқамын. Малды асылдандыру, соның ішінде ірі қараның тұқымдық қорын жақсартпай, малдан жоғары өнім аламын деу — бос әурешілік. Асылдандыру жұмыстары — барлық табыстың бастауы. Онсыз малдың басы да, пайдасы да артпайды. Қалай болғанда да, малдың тұқымын асылдандырумен тікелей айналысатын асылдандыру шаруашылықтары, зауыттары керек, оларсыз болмайды. Өйткені асылдандыру зауыттары мен шаруашылықтарында асылдандыру жұмыстары ежелден жүріп келді ғой. Асыл малды еш жерден ала алмайсыз. Өзіміздің бір кезде атағы алысқа кеткен қазақтың ақбас тұқымды сиырын алайық, герефордтан еш кем түспейді ғой. Асылдандырумен тікелей айналысатын шаруашылықтар, зауыттар болмаса, қолдағы бар асылымыздан айырылып қаламыз. Біз оларды ешқайдан сатып ала алмаймыз.

Мен асыл тұқымды мал өсірумен арнайы айналысқан «Аңқаты» зауытында сегіз жыл директор болдым. Мұнда тек сұрыптау жұмыстары ғана емес, бұқаларды сынақтан өткізетін арнайы стансалар болды. Асыл түліктердің тектік жақсы қасиеттеріне, өнімділігіне қатаң есеп жүргізіліп отырылатын. Бүгінде де осындай шаруашылық болуы керек. Сосын Үкіметтің асыл тұқымды шаруашылықтарға деген қазіргі көзқарасы мені қатты алаңдатады. Қазіргі кезде асыл мал өсіретін шаруашылықтар техника алу үшін малдарын, мысалы, қашарларын сатуға мәжбүр. Осы жерде Үкімет асыл мал өсіретін шаруашылыққа техника алуға пайызсыз, жеңілдетілген несие берсе, олар үш-төрт жылда аналық малдарын көбейтіп алар еді. Егер осылай істелсе, әр шаруашылық табынындағы малын 600-800 басқа, тіпті бір мың басқа жеткізіп, оның жыл сайын 300-400 бас асыл тұқымды қашарларын сатса, нығайып шыға келеді. Бұл малдардан жаңа табындар пайда болады. Сөйтіп, асыл мал өсіретін шаруашылықтар көбейе береді.

1986 жылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың директорларын Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Құсайынов жинап алып, арнайы кеңес өткізді. Ішінде мен де болдым. Мәселе қабырғасынан қойылды: «Асыл тұқымды шаруашылықтарды өркендету үшін не істеу керек?» Біз барлық ойымызды, ұсынысымызды жайып салдық. Сөйтіп, қолбайлау болып жүрген мәселелердің бәрі шешіліп еді. Қазір сондай мамандар жоқ па, әлде министрліктегілер жергілікті жерлердегі орын алған нақты жағдайларды білмей ме, әйтеуір асыл түлік атаулының асығы алшысынан түспей тұр. Айтарым, тап осындай кезде асыл тұқымды шаруашылықтардың, зауыттардың мәртебесін (статусын) өзгертсек, барымыздан айырылып қаламыз».

Мақсот Балқыбаев:

-Асыл тұқымды шаруашылықтар, зауыттар, фермалар бұрынғы мәртебесінде қалуы керек. Демеуқаржы (субсидия) беру мәселесі де ойлағандай болмай тұр. Қазір ол сатып алушыға беріледі, сонымен бірге ондай қолдауқаржы малды сататындарға да берілсе.

Заңға енгізілейін деп жатқан өзгерісте шаруашылықтар, зауыттар, (асыл мал өсіретін) сол бұрынғы дәрежесінде қалсын. Ал анау «асыл тұқымды малдар» деген статус заңда өз алдына қолданыла берсін. Шаруашылықтар атауын бұлайша дәрежелеу шет елден алынып отырған сияқты. Өйткені шет елдерде «асыл тұқымды шаруашылықтар» деген мәртебе жоқ, оларда бұл шаруамен айналысатындарды ассоциацияға біріктірген. Шет елдің нұсқасы бізге үнемі үйлесе бермейді ғой, қазақстандық, бұрынғыдан келе жатқан нұсқада жүре бергеніміз дұрыс.

Жаңа заңның жобасындағы 1-баптың, 10-тармағындағы аталық асыл малдың ұрығына байланысты «жақсартушы» деген сөз алынып тасталған. Бұл да біздің көңілімізге қонбай тұр. Бұл қалай? Заң деген белгілі бір мерзімге емес, ұзақ жылдарға жасалмай ма?

Текті мал өсіретін шаруашылықтарда бұқаларды сынақтан өткізетін стансалар міндетті түрде болуы керек, онсыз болмайды.

Федор Скобычкиннің айтқанымен толық келісемін. Алдағы жылдан бастап, 2015 жылға дейін Солтүстік Дакоттадан (Канада) асыл малдар сатып алмақшымыз (герефорд және ангус). Сонымен бірге өзіміздегі шаруашылықтарды дамытып, ақбас түліктің аналық малдарын көбейте берсек. Ол үшін өзіміздегі асыл малды сатуға бес жылға мораторий жарияласақ, сол бес жылда шаруаның қорасы малға толады. Тек мораторий жариялап қана қоймай, сол мораторий кезінде асыл мал өсіретін шаруашылықтарды қаржылай көмек жағынан мықтап қолдау керек (Мысалы, әрбір аналық малдың басына жылына 30-40 мың теңгеден кем емес). Мал сатуға мораторий жарияланса, табынды малдәрігерлік жағынан тазартып, сауықтырып алуға да мүмкіндік туады.

Күшіне енетін жаңа заңда «асыл малдың ұрығын дистрибьютерлік және республикалық «Асыл тұқым» орталықтары ғана импорттай алды» — деп нақтылап көрсетіпті. Неге, сонда менің әлемді аралап жүріп, өзіме ұнаған бұқаның ұрығын таңдап алып, ақшасын сол жерде төлеп, қатыртып әкелуге құқым жоқ па?

Федор Скобычкин:

— Әр шаруашылық аналық малды өзінің шаруашылығында өсіруі керек. Сонау бір жылдарда БҚО-дағы Аңқаты, Чапаев (Шағатай) шаруашылықтарында асыл тұқымды 6-8 мың басқа дейін ірі қара болды. Қазір содан қалғандары бар. Әкелерінің ісін жалғастырып жатқан малшылар да бар. Ең бастысы, іргетас бар. Соларды мықтап қолдап, демеп отырса, мал басы көбейіп шыға келер еді.

Мақсот Балқыбаев:

— Жаңа заңда алаңдататын тағы бір тармақ жүр. Ол малдың асылдығын растайтын куәлікті қазақтың ақбас тұқымды сиырлары жөнінде құрылған ассоциация беруі керек депті. Ассоциация — ерікті түрде құрылатын қоғамдық ұйым. Мемлекеттік құжат болып табылатын куәлікті қоғамдық ұйым қалай береді?

Ғалым Петр Нәсіповтің айтуынша, асыл тұқымды малдың болашағын айқындайтын жаңа заңның шикі тұстары көп. Оның кейбір баптарына қарап отырсақ, тексеретін ұйымдар бар, дерективтік органдар бар, ал орындайтын ұйым жоқ. Мәселе, БҚО ауыл шаруашылығы мекемесінде екі адам отыр. Олардың жұмысы — шаруашылықтардан ақпар алу. Сондықтан республикадан бермен қарай осы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын қанатының астына алатын комитет пе, басқарма ма, әйтеуір бір басқару органы болуы керек. Облыста да осындай мемлекеттік құрылым болуы керек.

Әлі күнге дейін техник-ұрықтандырушының мәселесі шешілген жоқ. Арнайы штат жоқ, еңбекақысы қаралмаған. Осындай күн тәртібіндегі тұрған мәселелерді орын-орнына қойып алмай, заңдағы талаптар орындалады дегенге күмәнім бар.

Екіншіден, біз аталмыш заңда «асыл тұқымды шаруашылықтар, асыл тұқымды зауыттар жұмыс істеп болды, өзінің міндетін орындады» деген ұғым беретін тармақтар жүр. Яғни, олардан бас тартуымыз керек. Асыл түлікті өсірумен айналысатын шаруашылықтарды, зауыттарды зертхана деуге де болады. Жетпіс жылдан астам уақыттан бері небір ғалымдар, арнайы құрылған ғылыми институттар асыл малдарды шығару үшін тынбай жұмыс істеді. Тұқымды жақсартушы бұқаларды сынақтан қалай және қайда өткіземіз? Оларды тек сол фермалар мен зауыттарда сынай аламыз, жетілдіре аламыз. Сондықтан олардың бәрі бізге керек! Шет елден де мал әкелу керек болар, бірақ олардың да бізге ыңғайлысын әкелу қажет. Өзіміздің жергілікті тұқымнан айырылуға болмайды, жетілдіре беруіміз керек. Алматыда Зубрьянов деген мықты ғалым бар, сол кісі айтатын: Данияға барыпты. Малдардың көрмесін аралап жүрсе, ірі, салмақты, тұрқына көз қызыққандай сиырлар мен бұқалардың қасында көзге қораштау, кішкентай малдар байлаулы тұрыпты. «Мынау неғылған малдар?» — деп сұрайды Зубрьянов. «Осынау кішкентай малдардан асылдандыру, сұрыптау арқылы мына дәулерді шығардық» — депті даниялықтар біздің ғалымға. Міне, мәселе қайда жатыр…

Сонау бір жылдарда Бөкей ордасы өңіріне барғанымда, бір сиырды көрдім. Әлгі жон арқасында ақ белдеуі бар өзі де есік пен төрдей болып, шаңырақтай мүйізі көк тіреп келе жатты. Нағыз қазақы тұқым! Біз неге сондайлардан тектік жақсы қасиеттерін ала отырып, жаңа тұқым шығармаймыз? Жергілікті малдан жерінбей, жаңа тұқым шығару бағытында жұмыстана бергеніміз жөн.

Бүгінде асылдандырумен айналысатын шаруашылықтардағы бұқалар ұсақталып барады. Жақсы бұқалар аз әрі қымбат. Үкімет демеуқаржыны тек мал сатып алушыға ғана береді, онда да мөлшері аз. Мысалы, Аңқатыда текті бұқаларды әр килограмын 700-800 теңгеден (тірілей салмақпен) сатады. Асыл тұқымды табыны бар шаруаға бес бұқа керек делік, субсидиямен көмектескеннің өзінде шаруа ол бұқаларға 1,2 млн. теңге төлеуі керек, ол оны қайдан алады? Жалпы, субсидияны мал сатып алушымен бірге сатушыға да жеткілікті дәрежеде төлеуді Үкімет арнайы қаулы қабылдап, үйлестіруі керек.

П.Нәсіповтің пайымдауынша, соңғы кезде мал табындарында ата тегі күмәнді, текті қасиеттерден ада, көзге қораш, кішкентай бұқашықтар көбейіп кеткен. Тегеурінді шаралар қолға алынбаса, олар келешекте бұдан бетер көбейеді. Сөйтіп, мал азады. Көз майын тауысқан ғалымдарымыз бен маңдай терін сіңірген малшыларымыздың ғасырлар бойы жұмсаған еңбектері зая кетеді. Асыл мал өсірген шаруашылықтар, зауыттар бұрынғы дәрежесінде қала беретіндігін жаңа заң шегендеп тастауы керек қой.

Ал өсіріліп жатқан малға, сатылатын түліктерге тектілігін анықтап, «асыл мал» деп құжат беруді ассоциацияға, яғни қоғамдық ұйымға жүктеу дұрыс емес! Ол бұрынғы ізбен, дұрыстығын тәжірибенің өзі толық дәлелдеген бағытпен жүре бергені жөн…

Осылайша батысқазақстандық мамандар ірі қараны асылдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға, текті малдардың қазіргі жағдайы мен болашағына осылайша қатты алаңдап отыр. Асылдардың алдағы күндердегі тағдырын айқындап, оның тұқымын көбейту жұмыстарына тың серпін беретін, қорғап, қолпаштайтын, қамқорлайтын заң пәрменінің кейбір баптарына көңілдері толмайтындықтары айқын сезіліп тұр. Облыста асыл малдардың нобайы азайғанмен, ізі, орны бар.

Мемлекеттік инспекцияның мәліметіне қарағанда, қазір өңірде 10570 бас асыл мал бар болса, оның 3913-і — «торпақ табуға» қабілетті сиыр. Мамандар: « Осының 802 басы — элитарекорд, 1561 бас — элита, 1288 басы — 1-класс», дейді. Бұған да шүкіршілік етуге болады. Мамандардың «еңірегенде» етектері толып отырғаны — осылардың тектілік қасиеттерін жойып алмай, әрі қарай сақтап, көбейту. Ол үшін тегі асыл түліктерді өсіретін зауытты мықтап сүйемелдеу қажет. Мұнымен айналысып жатқан шаруашылықтардың дәрежесін төмендетпей, күшейте түсу керек. Қаржыны жеткілікті құйып, қазіргі тіреліп тұрған тұйықтан шығару қажет. Өйткені барлық шаруа айналып келгенде қаржыға тірелетіні даусыз. Қаржы демекші, осы арада облыстағы мал өсіретін шаруашылықтардың сіңіре будандастыру үшін текті бұқаларды сатып алу барысына бажайлап көрсек. Мамандардың есебінше, шаруашылықтардағы текті бұқалардың жалпы саны — 444 бас, осының 311 басын шаруашылықтар сатып алуы керек. Бірақ сатып алынғаны 110 бас қана. Яғни мардымсыз. Осы жерде аталық малды ең көп сатып алған Сырым ауданынан (22 бас) басқалары өндіре алмай тұр. Асыл тұқымды аталық малға мұқтаж болғандарына қарамастан, аудандардың арасында бар болғаны 1-3 бас сатып алғандар кездеседі. Көбірек алуға олардың қаржылық қауқары мүмкіндік бермей тұрғаны даусыз.

-Облыста цифрға сенсек, қолдан ұрықтандыратын 195 қосын бар. Оның қаншасының өз дәрежесінде жұмыс істеп тұрғаны бізге беймәлім, білетініміз ондағы техник-ұрықтандырушылардың еңбекақысы әлі нақты шешілмеген. Санда бар да, сапада жоқ, еңбек өтілдері есептелмейді, белгілі айлығы болмаған соң, зейнетақы қорына ақша аударылмайды, — дейді Мақсот Балқыбаев.

Жасыратын несі бар, кейбір жерлерде техник-ұрықтандырушының міндеті кездейсоқ адамдарға жүктелетін көрінеді. Асылдандыру жұмыстарын түпкілікті жолға қоямыз десек, бұрын болған мемлекеттік асылдандыру бірлестіктерін құру керек. Ондай ресми мекеме республикадан бермен қарай құрылып, әр облыста бірлестігі болса, асылдандыру, қолдан ұрықтандыру сияқты бүкіл ұйымдастыру жұмыстары сол арқылы жүргені жөн. Анау шет елден әкелінетін малдар келе сала, сол күйінде мол өнім бермейді, оған уақыт керек. Одан гөрі өзіміздің қолда бар малдарымызды асылдандырып, екі-үш жылда жақсы тұқым алуға болады.

Малшыларға төленіп келе жатқан демеуқаржы жөнінен теңгермешілік белең алып тұр. Мысалы, элитарекордпен 1-класс малдардың айырмашылықтары жер мен көктей болса да, оларға төленетін ақша бірдей. Бұл «Бойжеткеннің әрқайсысына бірдей, бір-бір сырғадан» болып шықпай ма? Бөлек баға болуы керек, сонда қызығушылық артады, — дейді мамандар.

Cонау Ресейден бермен қарай еті «мәрмәр» деп таңдайды тақылдаттыратын дәрежеге жеткен, шетелдік мамандардың да көзін суырған қазақтың ақбас сиырының да, басқа да асыл тұқымды түлік атаулының айы оңынан тууы үшін, мамандар пікірі ескеріле отырып, нақты шаралар қолға алынғаны жөн.

Соңғы жаңалықтар