Айтуынша ұлы ағартушының тікелей ұрпағы Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып қызмет етіп, ескі бір бөлмелі пәтерде тұрады екен, деп хабарлайды Caravan.kz.
Жанарбек Әшімжан ұлы ағартушының ұрпағымен кездескен суретін өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялаған.
«… Талғар тауларын баурайлап келе жатқанбыз. Дархан дейтін кәсіпкер інім кенеттен "Абай атамыздың Айдос дейтін ұрпағынан хабарыңыз бар ма?" дегені…
Кезінде Данияр есімді шөпшегінің сұхбатын оқығанмын, Айдос деген ұрпағынан хабарым жоқ екен. Ойланып қалдым.
Сосын "Абай Құнанбайұлының Ақылбаев Айдос деген тікелей ұрпағы бар, осы Алматыда тұрады…" деді.
"Мүмкін болса барып сәлем берсек қалай болар екен?.." дедім. Телефонына хабарласып еді, жұмыс орнында екен. Рұқсат сұрадық. Қарсы болмады. Бардық.
Жұпынылау киінген дембелше кісі аулаға шықты. Кеңірек таныстық. Әңгімелестік.
Қазақшаға шорқақтау екен.
Асылдың сынығы, алтынның ұнтағы емес пе,
болмысынан тектілік, зиялылық, ақсүйектік аңқып тұр. Көзінің оты бар. Ұлы бабасына келбеті де келетіндей. Бойын жаман әдеттерден мүлде аулақ ұстайтынын айтты.
"Абай атамның тұқымы екенімді көп адамға айтпаймын, мына мейрамханадағылар да білмейді. 2020 жылы бабамның 175 жылдығында Семейге бардым. "Абай балаларымен" деген ескерткіштің ашылуы болды. Ақылбай атам мен Тұрағұл атамды екі қапталына алған бабамның ескерткіші керемет шығыпты. Осыны арнайы тапсырып, жасатқаны үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұрпақтары атынан ерекше ризамын! " — деді Айдос ағамыз.
Алматының "Арбатындағы" мәлім мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен. Еңбекақысы — 150 мың теңге. Осыны естігенде жанымыз жүдеп, көңіліміз алай-дүлей болып кетті…
1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келіпті. Украинаның әйгілі Кривой рог қаласындағы Авиациялық училищеде оқыған екен. Оқу бітіргенде кеңестер одағы күйреген, сосын бұйырған жұмыстармен айналысыпты. Жалғыз қызы — Александра осы күндері Саратов қаласының тұрады.
Шежіре бойынша: Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Бағфұр – Эрнест – Айдос.
Яғни, Айдос ағамыз — Абай атамыздың неменесі болады.
Һакім Абайдың сақталып қалған бейнесінің бірі — Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлмен түскен тарихи фотосы. Сол Ақылбай Абайұлы — Айдостың тікелей атасы, фамилиясы да — Ақылбаев.
Ақылбай — Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның қолында өскен. Он жасқа толған кезінде Ғабитхан деген татар молдаға оқуға барған, онда 4-5 жыл білім алған.
Жалпы, Ақылбай да талантты адам болған. Домбырамен ән айтып, өлең жазған.
Ақылбайдың 1895 жылы Әбдірахман өліміне, кейін 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда шығарған жоқтауы да бар.
Ақылбайды шығармашылық тұлға ретінде танытқан «Зұлыс» және «Дағыстан» («Қисса-Жүсіп») поэмалары.
Ақылбай 1904 жылы Семей қаласында қайтыс болады, бейіті бүгінгі Абай облысы, Абай ауданындағы өзінің қыстауы – Тышқан бұлағының басында», — деп жазды ол.
Жазба соңында депутат ұлы ақынның ұрпақтарына аула сыпыртып қою – елдігімізге сын екенін ашық айтты.
«Айдос ағамыздың жұмысы сағат 16.00-де аяқталады екен. Білінер-білінбес себезгілеп жауып тұрған жаңбыр да тоқтаған. "Үйіңізге дейін шығарып салайық" деп едік, қарсы болмады. Аз уақыт күттік. Шағындау дорбасын көтеріп шықты. Тиісті мекен-жайға алып келдік. Бес қабатты көне үйдің бесінші қабатында бір бөлмелі үйде зайыбымен тұратынын айтты…
Ұлы Абайдың соңғы тұяғы ғой. Данияр деген немере бауыры барын айтты, көп жылдардан бері байланыстары жоқ секілді. Еркек атаулыдан қалған осы екеуі ғана екен.
Адамзаттың ойшылы атанған ұлы бабамыздың ұрпағы осындай әлеуметтік тауқыметте жүргені ұлттығымызға, елдігімізге сын емес пе?!. Ойланайық!», — деп сөзін қорытындылады депутат.