Ата-анаға баласын оқыту үшін қаржы жинауға жеңілдік жасалатын болды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ата-анаға баласын оқыту үшін қаржы жинауға жеңілдік жасалатын болды

Ата-анаға баласын оқыту үшін қаржы жинауға жеңілдік жасалатын болды

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ата-анаға баласын оқыту үшін қаржы жинауға жеңілдік жасап,

  • 14 Қараша 2012
  • 492
Фото - Caravan.kz

екінші жағынан оқуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заң жобасы жөнінде баяндаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, жүйенің негізгі мақсаты — кәсіптік-техникалық, жоғары білім алуға мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмін енгізу. Бұл ретте ведомство басшысы заң жобасының әлемдік тәжірибе негізінде дайындалғанын алға тартады. Мәселен, мұндай Білім беру жинақтау жүйесі Бельгия, Канада, Малайзия, Нидерланды, Сингапур, Испания, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдерде бар.

«Біздің елімізде білім алуға қолжеткізуді қамтамасыз ететін 2 механизм бар болатын. Оның біріншісі — мемлекеттік гранттар. Студенттердің төрттен бірі мемлекеттік грант арқылы оқиды. Ал екіншісі — мемлекет кепілдік беретін білім беру кредиттері. Соған орай, елімізде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі үшінші механизм болмақ. Аталған жүйе біріншіден, халыққа балаларын оқыту үшін қаржы жинауына жеңілдік жасайды. Екіншіден, оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады», — дейді Білім және ғылым министрі.

Оның сөзіне қарағанда, жүйе қағидатына сәйкес еліміздің кез келген азаматы салымшы бола алады. Ол қатысушы банкте білім беру жинақтау шотын ашады. Бұл шотқа салымшының өзі немесе басқа адамдар қаржы салады. Олар ата-ана, туыстары, ұйымдар, тағы басқалар болуы мүмкін. Ал жинақталған қаржы үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі — бұл салымшы немесе басқа адам салған ақша. Екінші — банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдыра отырып, сыйақы беруі. Бұлар кәдімгі банктегі депозиттер сияқты жүзеге асады. Сонымен қатар, үшінші бөлігі — мемлекеттің сыйақысы. Сыйақы мөлшері, жинақталған ақшаның көлеміне қарай — жылына 5 пайыз болса, кейбір басымдық берілген адамдар топтары үшін (жетім балалар, мүгедектер, көп балалы және табысы аз отбасылар) — 7 пайызды құрамақ. Төлем — оқудың барлық кезеңіне немесе қысқа мерзімдер бойынша енгізілуі мүмкін. Мысалы, жинақтауды жалғастыра отырып, семестр бойынша да бөліп төлеуге болады.

Заң жобасында салымшының мемлекет сыйақысын сақтай отырып, білім беру жинақтау салымының қаражатын алу құқығы қарастырылған.

«Нақты түсінікті болуы үшін мысалдар да келтіруге болады. Мәселен, ата-ана 10 жастағы баласы үшін депозит ашып, жинақтау мерзімі бойынша 7 жылды таңдайды делік. Алғашқы жарна 5000 теңгені құраса, кейінгі жарналар ай сайын — 15000 теңге. Банкінің сыйақасы — 8%, мемлекеттікі — 5%. Жинақтау мерзімінің соңына дейін, бала 17 жасқа толғанда, оның сомасы 2 млн. 75 мың теңге болады. Сонда салымшының салған қаражаты — 60 пайыз, банкінің сыйақасы — 23, мемлекеттікі — 17 пайызды құрайды. Салымшының басым санаттары үшін мемлекет тарапынан сыйақы одан да көп болуы мүмкін. Осылайша, салымшылардың білімге жұмсайтын қаржысының біршама бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр. Шамамен алғанда — 15-20%. Бұл — мемлекет пен азаматтың арасындағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің түбегейлі жаңа тетігі», — дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Соңғы жаңалықтар