«300 шақырымдай траншеялар қазылып, 200 шақырымға құбыр тартылды»,- деді Н.Сұлтанов.
Оның айтуынша, қазіргі жағдаймен жүйені тартуға қажетті құбырдың 60 проценті дайын. Жобаны қаржыландыру да жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда, деді Н.Сұлтанов. Қазіргі жағдаймен 300 млн. доллар игерілді. «Дәл осы көлемдегі екінші транш шілдеде бөлінеді»,- деді ол.
«Біз құбырды алғашқы қар жауғанға дейін пайдалануға беруді көздеп отырмыз. 16-желтоқсанға дейін құбыр толық тартылып бітеді. Ал 2006-жылдың 1-қаңтарынан бастап құбырды мұнайға толтырамыз»,- деді Н.Сұлтанов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының құрылысы мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан — ҚХР үкіметаралық келісімінің аясында жүзеге асырылуда. Мұнай құбырын тарту үшін «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» ЖШС атты бірлескен жобалаушы компания құрылған. Оның құрылтайшылары — еліміздегі ең ірі мұнай тасымалдаушы компанияға саналатын «ҚазТрансОйл» АҚ мен Қытайдың мұнай және газ қорын барлау және игеру жөніндегі Ұлттық корпорациясы болып табылады. Олар бірлескен компанияны 50 проценттік тең үлеспен құрған.
Мұнай құбырының ұзындығы 988 шақырым, құбыр диаметрі 813 мм-ге тең. Жобаны жүзеге асыру үшін 720 мың тонна құбыр қажет. Бастапқы кезеңде мұнай құбыры жылына 10 млн. тонна мұнай тасымалдау қуатына ие болмақ.
Ал жобаның екінші кезеңінде өткізгіштік қабілеті 20 млн. тоннаға жеткізілмекші.
Мұнай құбыры жұмыс істей бастаған алғашқы кезеңде қазіргі бар мұнай құбырларымен «Атасу » мұнай өңдеу станциясына құмкөл және батыс-сібір мұнайын тасымалдау көзделіп отыр. Реконструкциядан кейін «Атасу» мұнай өңдеу станциясы мұнай айдаушы бас станция ретінде пайдаланылады.