-Жабай өзенінің ағысын жеңілдету үшін қамыстары шабылып, маңайы тазартылғанымен өзен суы әлі толық ери қойған жоқ. Өткен жылы Атбасарды топан су басқан кезде қауіп арғы беттегі егістік алқапта еріген қар суынан келген. Биыл құтқарушылар апаттың қай жақтан келерін өздері де дөп басып айта алмай отыр.
Былтыр дәл осы уақытта Жабай әлі еріген жоқ деп отырғанда, топан су түн ішінде қалаға лап қойған. Енді атбасарлықтар тасқын қай жақтан келсе де, «жау» ала алмайтындай қамал жасап жатыр.
Давид Махатов, Атбасар қаласының тұрғыны:
-Биыл енді су тасқыны болады деп мұғалімдер,оқушылар да көмектесіп жатыр. Құдай біледі, қалай келетінін судың. 4-ші күн істеп жатырмыз.
Олар алдымен өткен жылы су басып қалған №1 мектепті апаттан қорғаудың қамын жасауда. 4 күнде 26 мың қапты күлге толтырылып, ғимарат айналдыра қоршалды. Бұл жұмыстарға студенттер, оқытушылар және ата-аналар тартылған. Апатты деген аумақ алдын ала белгіленіп, төтенше жағдай қызметі тұрғындармен жұмыс істеп жатыр. Дүние мүлік қауіпсіз жерге көшірілген. Тұрғындардың өздеріне 4 мектепте эвакуация бекеттері жасақталыпты. Бірақ, көбі үйлерін тастап кетуге келіспей отыр.
Тұрғындардың қолдарына апат бола қалған жағдайда қай жерге барып сақтану керегтігі туралы ескерту қағаздар үлестірілген. Жабай өзені әлі ерімесе де, қар бұл маңға қалың түскендіктен су басу қаупі жоғары.
Александр Чириков, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары:
-Тасқын тағы қайталануы мүмкін. Қазір жер 40-42 см-ге дейін қатып тұр. Сондықтан еріген қар суы жерге сіңбей үйлерге кетеді. Биыл да қар қалың түсті. Мүмкіндігімізше, үйлердегі мүліктерді көшіріп жатырмыз. Малды да көрші ауылдардағы шаруашылықтарға апардық.
Апатты деген аумақта 65 үй көшірілу керек. Әзірге 11-і келісім берген. Қалғандары күн сайын іргедегі өзеннің арнасына қарап қояды. Барлығы тасқын су келіп қалса, қашып үлгереміз деп үйлерін тастай алмай отыр.