Atlantic Council зерттеуі: Қазақстан трансформациясы адам капиталына байланысты - kaz.caravan.kz
  • $ 514.94
  • 583.74
+15 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Atlantic Council зерттеуі: Қазақстан трансформациясы адам капиталына байланысты

Atlantic Council зерттеуі: Қазақстан трансформациясы адам капиталына байланысты

Қазақстан жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси өзгерістерге қарамастан, аймақтағы көшбасшылық орнын ұстап тұр.

  • 26 Ақпан
  • 10
Фото: counsil.ru

Informburo сайтында қызықты мақала шықты. Онда Atlantic Council зерттеуіне сілтеме жасай отырып, Қазақстанның 2019 жылдан кейінгі трансформациясы қарастырылған екен. Бұл зерттеуге егжей-тегжейлі үңілген қаржы сарапшысы өзінің пікірін білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz меди порталы.

Қазақстан жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси өзгерістерге қарамастан, аймақтағы көшбасшылық орнын ұстап тұрғанымен ешкімнің дауы жоқ шығар. Atlantic Council сарапшылары елдің бай табиғи ресурстары экономикалық артықшылық беретінін атап өткен. Бірақ ең маңыздысы – бұл өсім тек мұнай мен металдардың экспортына ғана емес, әлеуметтік салаларға инвестиция салуға да негізделген.

Білім беру саласы

Соның бірі білім беру саласы. Қазақстан, жалпы, білім беру саласында жоғары көрсеткіштерге ие. Ел бастауыш және орта біліммен қамту бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында. Сонымен қатар, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасы артып келеді. Бірақ тек сан емес, сапа да маңызды.

Назарбаев басқарған кезеңде білім беруде элиталық жобаларға басымдық берілген еді. Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесі жоғары білікті мамандарды даярлайтын флагманға айналғанын көрдік. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ оған жұрттың бәрінің қолы жете бермейді. Ал Токаев әкімшілігі білім беру реформаларын жаппай, әсіресе ауылдық жерлерде дамытуға бағыттады. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық қадам.

Мемлекеттің білім саласына қаржы бөлуі, мұғалім мәртебесін көтеру мен шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті нығайту өз жемісін бере бастады. Мысалы, «Жайлы мектеп» бағдарламасы үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған. Жоғары білімге қосымша гранттар мен студенттерге жеңілдіктер беру де білімнің қолжетімділігін арттыруда. Сонымен қатар, үкімет оқу бағдарламаларын жаңартып, оларды цифрландыру, жаңа технологиялар мен еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеуге ерекше көңіл бөлуде.

Дегенмен, қиындықтар әлі де бар. Қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық толық жойылған жоқ. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту өзекті болып тұр, өйткені білікті жұмысшылардың тапшылығы сезілуде. Бірақ бұл да біртіндеп өзгеретін нәрсе.

Денсаулық сақтау саласы

Енді денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге келсек. Қазақстан медицина саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді, әсіресе ана мен бала өлімін азайту бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Бірақ COVID-19 пандемиясы өмір сүру ұзақтығына кері әсер етті, бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл аймақта байқалған құбылыс.

Мемлекет індетке қарсы жедел шаралар қабылдап, вакцинацияны кеңінен жүргізді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында үкімет халықтың орташа өмір сүру жасын 75-тен 77 жасқа дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Бұл денсаулық сақтау жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған қадам.

Сыртқы факторлар

Президент Токаевтың реформалар бағдарламасы елді біртіндеп демократизациялауға бағытталған. Сарапшы Наргиз Қасенова бұл үдерістің сәтті болуы үшін мемлекет реформаларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігер танытып, қоғам өзгерістерге мүдделі болуы керектігін атап өтеді.

Сыртқы факторлар да шешуші рөл атқарады. Батыспен қарым-қатынасты тереңдету – либерализация үшін маңызды фактор.

«Бірақ Қазақстан Мәскеу мен Бейжіңнің реакциясын да ескеруі қажет. Қазақша айтсақ, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей ел мүддесін қорғауымыз, дамытуымыз керек. Бұл қазіргі биліктің қолынан жақсы-ақ келіп жатыр деп ойлаймын», — деді сарапшы Айбар Олжаев.