Неге атом бізді қорқытудан қалды? Өткеннің сабағы расымен де ұмытылғаны ма? Caravan.kz медиа порталы тақырыпты жалғастырады.
«Бейбіт атом» дегеніміз түтінсіз, күйесіз қалаларды жарықтандыратын станциялар, адам өмірінен де ұзақ жұмыс істейтін реакторлар, күн мен желге тәуелсіз энергия. Ал бұрын «атом» сөзі бүкіл адамзаттың үрейін тудыратын қауіп көзі еді.
1945 жылы адамзат алғаш рет атоммен бетпе-бет келді. Хиросима мен Нагасаки бәрінің есінде. Бір сәтте қалаларды жермен-жексен еткен жарылысты ешкім ұмытқан жоқ. Бірақ бірнеше жылдан кейін саясаткерлердің пікірі өзгере шықты. 1953 жылы АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр БҰҰ мінберінен әйгілі «Атом бейбітшілік үшін» сөзін айтты:
«Атом емдесін, жылытсын, тамақ берсін, бірақ қиратып-жоймасын».
1954 жылы КСРО Обнинскіде қуаты небәрі 5 мегаватт болатын әлемдегі алғашқы атом электр станциясын іске қосты. Шағын ғана қадам болып көрінгенімен, әсері зор болды. Адамзат атомды бағындыруға болатынын көрді.
1950–1960 жылдары атомдық оптимизм дәуірі. БАҚ құралдары атом ұшақтарын, пойыздарын, тіпті тың жерге арналған тракторларын болжады. Атом тракторы жобасы жүзеге аспады, бірақ сол кездегі сенім зор болатын, атап айтқанда, адамдар атомның көмір мен мұнайдан арылтатынына сенді. Уақыт өте келе атом қуатты ғана емес, сонымен қатар нәзік, қателікті кешірмейтін нәрсе екені белгілі болды.
Сөйтіп, жаңа кезең басталды. 1979 жыл – АҚШ-тағы «Три-Майл-Айленд» апаты. 1986 жыл – Чернобыль. 2011 жыл – Фукусима. Әр трагедия сенімді азайтты. Чернобыльден кейін радиация іздері Швециядан да табылды. Халық «атом станцияларына жол жоқ» деп шеруге шықты. Германия Фукусимадан кейін атомнан мүлдем бас тарту туралы шешім қабылдады.
Бірақ ғылым берілмеді. XXI ғасырда жаңа буындағы – «үшінші плюс» реакторлары пайда болды. Олар қауіпсіздігі бойынша әдеттегі электр шәйнегіне ұқсайды: апатты жағдай туындаса, реактор автоматты түрде тоқтап, өзі суып қалады. Сондай-ақ шағын модульдік реакторлар (SMR) сәнге айналды. «Атомдық LEGO» деп халықта аталатын моделін кез келген аралға немесе Арктикаға апарып құрастыра беруге болады.
Бүгінде әлемде шамамен 440 реактор жұмыс істейді, тағы 60-ы салынып жатыр. Көшбасшылар – АҚШ, Франция, Қытай, Ресей. Атом энергетикасы түтінсіз, көмірсіз және СО₂ шығармай электр береді, яғни климатты сақтауға көмектеседі.
Қазақстанның тарихы ерекше. Бұл туралы айтқанда Семей полигонының қасіретін еске аламыз. 1949–1989 жылдары 456 ядролық сынақ, 15 миллион зардап шеккен адам. 1991 жылы Қазақстан полигонды алғашқылардың бірі болып жапты және ядролық қарудан бас тартты. Осылайша ел бейбітшіліктің символына айналды. Дегенмен Қазақстан әлемдік уранның 40%-ын өндіреді, әлемдегі әр екінші АЭС шамы қазақ уранымен жанып тұр. Алайда Қазақстанның өз станциясы болмаған еді.
Енді бәрі өзгереді. 2025 жылғы 16 маусымда билік алғашқы АЭС-ті салатынын жариялады. Оны «Росатом» Балқаш көлі жағасындағы Үлкен кентінде тұрғызады. Балқаштың суы реакторларды салқындатуға табиғи кондиционер болады. Екі ВВЭР-1200 блогы орнатылады – «ақылды әрі тыныш» реакторлар. Олардың қосарланған қорғаныс қабаты бар: бетон «матрёшкасы» ұшақ құласа да шыдайды, ал ішкі жүйелер ақау болса реакторды автоматты түрде тоқтатады. Станция қуаты – 2,4 ГВт, бұл бүкіл Алматы облысын электрмен қамтуға жетеді.
Мұндай реакторлар қазір Түркияда, Египетте, Үндістанда және Қытайда салынып жатыр. Үлкен елінің тұрғындары «Бұрын Балқаш бізді балықпен асырайтын, енді энергиямен де асырайтын болады» деп әзіл-шынын айтып отыр. Жоспарда тағы екі станция бар. Биліктің көздегені көмірден арылып, таза ауамен тыныс алу.
Атом тарихы – үрей мен үміт арасындағы тартыс. ХХ ғасыр атомды қауіп ретінде есте сақтады. ХХІ ғасыр оны климатты құтқарушы ретінде есте сақтауы мүмкін. Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан енді бейбіт атомға негізделген болашағын құрып жатыр. Атом бұрынғыдай қорқыныш көзі емес, қауіпсіздіңтің символына айнаулы мүмкін.