Атом экономикасы: Балқаштағы АЭС құрылысының Алматы облысының өңірлік жалпы өніміне әсері бола ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 487.37
  • 532.94
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атом экономикасы: Балқаштағы АЭС құрылысының Алматы облысының өңірлік жалпы өніміне әсері бола ма?

Атом экономикасы: Балқаштағы АЭС құрылысының Алматы облысының өңірлік жалпы өніміне әсері бола ма?

Ол үшін маңызды екі сұраққа жауап беру керек.

  • 16 Қыркүйек
  • 19
Фото: ашық дереккөз

Егер АЭС Балқаш маңындағы Үлкен ауылында салынатын болса, бұл құрылыс мультипликативті әсер беретіні анық. Бірақ қандай деген сұрақ өте қызықты. Бұл сұраққа қаржы маманы Айбар Олжаев жауап берді, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Онда әу бастан екі факторды анықтап алуымыз керек. Бірінші фактор: АЭС қаржыландыру көзі қандай болады? Екіншісі: АЭС-ке құрылысына қанша ақша қажет?

Біздің экономика үшін ең тиімдісі – АЭС құрылысына ақша инвестиция түрінде келіп, вендордың өзі салып бергені. Қаржылық моделі BOT (Build-operate-transfer) деп аталады. Яғни өзі ақшасына салады, өзі басқарып, электр энергиясын желіге жеткізеді. Ал біз белгіленген тарифпен электр энергиясын алып отыруға кепіл береміз.

Дәл осы кезде, экономикамызға мультипликативті эффект АЭС иесінің станция құрылысына жергілікті компаниялар тартып, жергілікті құрылыс материалдарын сатып алуынан басталады. Шартты түрде, барлық жұмысқа кемінде 6 миллиард доллар кетеді десек, оның 2 миллиарды жергілікті компаниялар мен тауарларға төленуі мүмкін.

2023 жылы Алматы облысының өңірлік ішкі өнімі 5,2 триллион теңгені құрады. Бұл қазіргі курспен 10,8 миллиард доллар. Бұл көрсеткіш бойынша облыс Қазақстандағы өңірлердің ішінде алтыншы орында. Экономика құрылымын сараласақ, өнеркәсіп – 24,7%, сауда – 10,3%, ауыл шаруашылығы – 7,9%, білім беру – 6,6%, көлік және қоймалау – 6,1%, құрылыс – 5,4% құрайды. Құрылыстағы жалпы өнім сонда 584 миллион доллар болып тұр. АЭС құрылысынан жергілікті нарыққа келетін 2 миллиард доллардың жартысы құрылысқа, жартысы өндіріске бағытталатын болса, Алматы облысындағы құрылыс көлемі 1,5 миллиард долларға, теңгелей шаққанда 760 миллиард теңгеге жетіп, ал жалпы өңірлік өнім 6,1 триллион теңгені құрауы тиіс.

Бұдан шығатын қорытынды. Ия, АЭС құрылысы Алматы облысы және басқа да өңірлер экономикасына әсер етеді. Тек ол үшін Қазақстан жағы құрылысқа біздің мердігер компаниялардың мүмкіндігінше көбірек араласуын қамтамасыз етуі керек.