Атырау ардагерлері су тасқынының алдын алу тәсілдерін ұсынды - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырау ардагерлері су тасқынының алдын алу тәсілдерін ұсынды

Атырау ардагерлері су тасқынының алдын алу тәсілдерін ұсынды

Атырау облысының ардагерлері тасқын судың алдын алуға байланысты ұсынысын білдірді.

  • 4 Сәуiр
  • 49
су басқан ауыл Фото: Ауыл тұрғындарынан

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, 1993-1994 жылдары Жайық өзеніне су шамадан тыс көп келген. Биыл да мол су келетіні болжанып отыр. 

Өңірде су тасқынын тоқтатудың тәсілін білетіндер ардагерлер аз емес.

Облыс әкімімен кездесуде ардагерлер Нұрпейіс Мақашев, Мұрат Өтешов, Ғаббас Хисметуллин, Бисен Қуанов, Нәсіпқали Қонасов, Сағынбай Шотпақов, Едіге Сабыров, Анатолий Жмыхов, Роман Оливко тасқын суды тежеуге қатысты тәжірибе бөлісті.

Олар бірқатар ұсыныстарын айтты. 

Біріншіден, геодезистердің кеңесімен Балтық жүйесіне сәйкес жер бедерін ескеріп, бөгеттер мен жағалау қорғанысын салу қажет.

Екіншіден, су келген кезде балықтың жаппай қырылуын болдырмау үшін эпидемиологтар мен балық шаруашылығы саласының мамандарының кеңесіне жүгінген жөн. 

Үшіншіден, топографиялық суреттеу жүргізіп, арнайы картаны дайындауды қолға алу керек.

Бұл үшін Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының жағалау аймағын қосып, оған техника бекітілуге тиіс.

Төртіншіден, өңірдегі Нарын, Бақсай, Соколов, Сарыөзек каналдарының табанын тазартып, өзен суының жолын ашудың маңызы зор.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік. 

Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.

Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см болды. 

Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған болатынбыз. 

Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті. 

Кеше Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды. 

Сондай-ақ, кеше су тасқынынан Қызылқоға ауданындағы 8 округке әлі де қауіп бар екенін хабарлағанбыз. 

Бүгін Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі толық сейілмегенін жазғанбыз. 

Ал Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілді.

Атырауда Жайық өзенінің жағалауы нығайтылып жатыр.