Қазақстан азаматтарын экономикалық және әлеуметтік қорғау тетіктері дәйектелген келісімге шетелдік 136 компанияның өкілдері қол қойды.
Кеңес барысында атап көрсетілгеніндей, 2010-жылға дейін Атырау облысында жаңадан 40 мың жұмыс орны құрылады. «Сол себепті еңбек қатынастары рыногы дәл қазір ретке келтірілмеген жағдайда алдағы уақытта күрделі қиындықтар туындауы ықтимал»,- деді А.Мусин.
Қазіргі жағдаймен Атырау облысында 500-ден астам шетелдік компаниялар жұмыс істейді.
Кеңес барысында Атырау облыстық прокуроры Рахымбек Мамырбаев еңбек ресурстарын пайдалануда Қазақстан заңдарын бұзып отырған «ПрикаспийБурНефть», «Тенгиз-ИнтерГазСтрой», «Сенімді Құрылыс», «Матин», «МұнайМонтажҚұрылыс», «КаспийОйлМонтаж» сынды компаниялардың іс-қызметін қатаң сынады.
Р.Мамырбаевтың айтуына қарағанда, 2005-жылдың 1-тоқсанында облыс бойынша өндірістегі қайғылы оқиғалар дерегі 74 мәрте тіркеліп, олардың 29-ында адам өлімі шықты.
Сонымен бірге Атырау облысының әкімі Аслан Мусиннің шешімімен арнаулы комиссия құрылып, ол еңбек қатынастарын пайдалану саласында Қазақстан заңдарының сақталуын қадағалайтын болады.