Жарияланды: 1200

Атырау облыстық орман және аң шаруашылығы басқармасы Аджип ККО консорциумына 1 млн. 526 мың теңгенің айыппұлын салмақшы

Атырау облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасы Аджип ККО консорциумына қоршаған ортаға нұқсан келтіргені үшін 1 млн. 526 мың теңгенің айыппұлын салмақшы. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Атырау облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасының хайуанаттар және өсімдік әлеміне қойылатын бақылауды реттеу бөлімінің бастығы Әлімғали Дауылбаев хабарлады.

Оның айтуынша, сотқа шағым түсіруге Солтүстік Каспий өңірінде таяуда болған құстардың жаппай қырылу оқиғасы түрткі болды. Жуырда Аджип ККО консорциумының өзінен алынған өлген құстарға жүргізілген сынама тексерулер нәтижесі консорциумға айып тағуға негіз болып отыр. "Тексеру қорытындысында құстардың өліміне түрткі болған нақты себеп айқын көрсетілмегенімен, қолда бар зерттеулер нәтижесі Аджип консорциумымен сот арқылы дауласуға жеткілікті деп санаймыз",- дейді А.Дауылбаев. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, құстардың жаппай қырылу оқиғасы Аджип ККО консорциумы мұнай ұңғымаларын сынақтан өткізіп жатқан аймақта Каспий шельфінде орын алып, 350-ге жуық құс өлген болатын. Аджип ККО қызметкерлерінің шешімімен эколог мамандарға хабарлама берілместен, өлген құстардың біразы өртеп жіберілген. Консорциум басшылығы болған оқиға туралы түсініктеме бермей отыр. Ал құстардаң жаппай қырылу оқиғасы болған жерден алынған ауа және су сынамасы улы заттардың мөлшері шектеулі шамадан әжептәуір артқанын көрсетіп берді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін