Қайрат Нұрлыбаев 2019 жылдың маусым айынан бері Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеп келді. Ал 4 жылдан бері облыс әкімінің орынбасары болған Әлібек Нәутиев жақында Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды.
Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев 1973 жылы 2 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (инженер-механик), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін (экономист) тәмамдаған.
Еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатында аға референт ретінде бастаған.
1996-1997 жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Мұқыр» акционерлік қоғамында жөндеуші-техник болып жұмыс істеген.
1999 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр селолық округі әкімінің аппаратына маман болып кіріп, Қызылқоға ауданы Мұқыр селолық округінің әкімі, Қызылқоға ауданының коммуналдық меншік, көріктендіру, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Одан кейін Құрманғазы ауданының Шортанбай селолық округінің әкімі, Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің одан соң аталған ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Мақаш селолық округінің әкімі болып жұмыс істеді.
2008-2012 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2012-2019 жылдары аталған аудан әкімінің орынбасары болды.