Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Ресеймен шекарадағы Құрманғазы ауданының Бұзауслан ауылында тұрады. Биыл сәуірде 104 жасқа толған.
Тыл ардагері 7 қыз мен 2 ұлды өмірге әкелген. Ұл-қыздарыан 8 немере, 80-нан астам жиен-жиеншар, 20-ға жуық шөбере сүйіп отыр.
Ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған кейуана референдумда үйінен дауыс беру үшін өтініш түсірген. Оның өтінішіне сәйкес №172 референдум учаскесінің комиссия мүшелері әжейдің үйіне бюллетень мен жәшік алып келді.
«Еліміздің іргесі берік болсын. Қазақ жастарының білімді, сауатты, өнегелі, бір-бірімен тату болғанын қалаймын. Сонда ғана елдің болашағы жарқын болады», -деп батасын берді Шәміл Өміржанова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы мұнайшылар жұмыс орнында дауыс беріп жатқанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Атырауда тіркелмеген сайлаушылар қалай дауыс беретінін жазған болатынбыз.
Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беру құқығы бар азаматтардың саны – 411 880. Дауыс берудің ашықтығы мен заңдылығын бақылайтын 7 ұйым акредиттелген.
«Бүгін өңірде 283 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Оның 9-ы — аумақтық, 274-і — учаскелік. Жалпы комиссияларда 2037 мүше бар. Дауыс беру процесі вахталық қалашықтарда өтіп жатыр. Бұл жұмысты 38 учаскелік комиссия жүзеге асырады. Барлық учаске материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген», -деп хабарлады облыстық аумақтық комиссиядан.