Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарда 38 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 16 жұмысшы ауыр дене жарақатын алды. Ал үш адам мерт болды. Өндірістік жазатайым оқиғаларға қатысты тергеу материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды», — деді Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Думан Әбеуов.
Оның айтуынша, жыл басынан бергі алты айда 1075 арыз-өтініш түскен. Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары оның 912-сін қараған.
«583 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. Басқармада тіркелген шағымдар мен қабылданған профилактикалық бақылау шаралары негізінде еңбек инспекторлары тарапынан 124 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысымен еңбек заңнамасын бұзудың 162 дерегі анықталды. Кемшілікті жою үшін 66 ұйғарым енгізіліп, 57 әкімшілік хаттама толтырылды. Кінәлілерге 7,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір айыппұлдың 5,7 млн теңгесі өндірілді», — деп мәлім етті Д.Әбеуов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 61 жастағы жұмысшы ток соғып, көз жұмғанын хабарлаған едік. «Атырау-Жарық» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Мақат кентіндегі Алаш көшесінде орналасқан КТПГ-04/6кВ жабдығын профилактикалық сынау-тексеру жүргізіліп жатқан. «Сол кезде электр монтерді РУ-6 кВ жоғары кернеулі желісінен ток соққан. Монтердің электр қауіпсіздігі бойынша IV разрядты рұқсат құжаты болған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Жедел жәрдем бригадасы монтердің өлімін тіркеді», — делінген еді хабарламада.