Атырау облысының құс өнімдері енді экспортқа шығады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырау облысының құс өнімдері енді экспортқа шығады

Атырау облысының құс өнімдері енді экспортқа шығады

Елімізде қабылданған Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында аймақтарда агроөнеркәсіп саласында отандық өнімдерді өндіру жұмыстары өз нәтижесін беруде.

  • 31 Шiлде 2015
  • 1231
Фото - Caravan.kz

 Айталық, Атырау облысында екі жаңа құс фабрикасы іске қосылып, бүгінде облыс тұрғындарын жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Облыс кәсіпкерлері жергілікті халықтың сұранысынан артылған жұмыртқаны көршілес облыстардың нарығына шығаруда, деп жазады «Айқын» газеті.  

Құс фермасының жетістігі

Атырау облысы бойынша алғашқы болып агроөнеркәсіп саласын дамытуға, Жаңа индустрияландыру бағдарламасы жобасын жүзеге асыруға тәуекел етіп отырған аудандардың кәсіпкерлері. Бүгінде аудандардағы екі құс фабрикасы облыс тұрғындарының жұмыртқаға деген сұранысын қамтып қана қоймай, көршілес облыстарға отандық сапалы өнімді ұсынып отыр. 
Атырау халқының жұмыртқа мен құс етіне деген сұранысын қамтамасыз етуді алғашқы болып қолға алған облысқа белгілі кәсіпкер Әлімжан Балжігітов болды. Өзі басшылық етіп отырған «Атырау Сауда» ЖШС арқылы Жылыой ауданында 2012 жылдың екінші жартысында индустрияландыру картасы аясында аймақтағы ірі құс фабрикасын ашты. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер Әлімжан Қапанұлы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан қосымша қаржы ретінде 250 миллион теңге алып, өз қаражатынан 392,5 млн. теңге салған. 
Арнайы құс бағатын мамандар шақыртылып, 2012 жылдың желтоқсанында Свердловский қаласынан алғашқы 53 мың бас балапан алынды. Балапандар 4 ай бағылып 2013 жылдың 1 сәуірінен бастап Германия қаласынан алынған құрал-жабдықтармен, жаңа технологиямен салынған тауықтар корпусына 52 300 бас тауық болып көшірілді. 
Тауықтарды бағып-күтіп, өнімдерін жинау үшін жүзге жуық адам жұмыс жасап жатыр. Құс фабрикасының дамуы үшін 3 тауық, 1 балапан корпусы жұмыс жасап тұр. Фабрика ашылған кезде құс жеміне кәсіпкер өз қаржысын жұмсаса, бүгінде тауықтардың жеміне мемлекет тарапынан субсидия беріліп отыр. Мемлекеттің қолдауы мен кәсіпкердің алдына қойған мақсаты құс өнімдерін өндеудегі аймақтағы алғашқы кластерлік жүйеге жетуіне мүмкіндік беруде. 
Мұнайлы өңірде алғаш ашылған ірі құс фермасы бүгінде толық қуатына жетті. Соның нәтижесінде облыстың жұмыртқаға деген қажеттілігінің 76 пайызы өтелуде. Жүз мың бас тауық өсіріп, жылдық межесінде 32 млн. дана жұмыртқа өндіріп отырған құс фермасы өткен жылы «Селолық бизнес» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
«Атырау Сауда» ЖШС-ның басшысы Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, жұмыртқа өндірудегі алғашқы өнім көлемі 9 млн. дана жұмыртқа болған. Өткен жылы 21 млн. дана жұмыртқа алып, биыл толық қуатына шығуға қадам жасалуда. Дегенмен, отандық өнім өндірушілер алдында қиындықты еңсеру тұрғанын да ашық айтқан жөн. Ол алдымен Ресей елімен шекаралас отырған Атырау өңірінің кәсіпкерлері үшін үлкен сынақ. Айталық, атыраулық кәсіпкерлер үшін Ресей рублінің құлдырауы біраз қиындық туғызып отыр. 
— Атырау облысының сауда жасаушылары Астрахань арқылы ресейлік арзан өнімдерді біздің сауда орындарында сатуда. Ресей Кедендік одақ мүшесі болғаннан кейін, бұған Үкімет шектеу қоя алмайды. Ресей рублі құлдыраған кезде біз өнімдерімізден еш пайда көрмей, өз бағасына саудаладық. Дегенмен, еліміздің кәсіпкерлерінің осы тығырыққа түсуі және отандық өнімге деген халық сұранысының төмен болуы туралы мәселе Үкімет деңгейінде қозғалуда. Қазір елімізге уақытша болса да Ресей мен Беларусьтан құс етін әкелуге тыйым салынды. Енді жұмыртқаны да тасымалдауға тыйым салады деген үміттеміз, — дейді Әлімжан Қапанұлы. 
«Атырау Сауда» ЖШС-ның құс фабрикасынан шыққан жұмыртқалар категориясына сай арнайы қорапқа салынып, облыс орталығындағы жәрмеңкелерге, аудан орталығындағы дүкендерге тасымалданады. Бағалары да қолжетімді. Бүгінде 2142,4 келі тауық еті жергілікті халыққа сатылған. Бұдан өзге аймақтағы ірі құс фермасы өткен жылы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-пен келісімшартқа отырып, жылына осы мекемеге 1 400 000 дана жұмыртқа жеткізуге уағдаласқан. 

«Алмалы құс» фабрикасының алғашқы өнімі

«Атырау Сауда» ЖШС-ның құс фабрикасын ашудағы мақсат-мүддесін жалғастырушы, «Алмалы құс» ЖШС-ның да биылғы жыл басынан берген құстардан алғаш өнімі арқылы облысты жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етуге қадам басты. Мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 680 миллион теңгеге бағаланған жоба «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ пен «Жігер» шаруа қожалығы бастамасымен жүзеге асуда. Алғашқыда құс фабрикасына Ресейден әкелінген 58 мың балапан арнайы күтімге алынып, жетілді. Ағымдағы жылы сәуір айында «Алмалы құс» фабрикасының алғашқы өнімдері облыс орталығы мен Махамбет ауданының сауда сөрелеріне қойылды. 


Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Алмалы құс» фабрикасының алғашқы өнімінің халыққа жетуінің ресми шарасы кезінде: «Осыған дейін құс фабрикасы тек Құлсары қаласында ғана бар болатын және бұрын жұмыртқа бізге еліміздің өзге аймақтарынан кей жағдайда тіпті шет мемлекеттерден әкелінетін. Енді облыстағы екі құс фабрикасы жылына 100 миллион жұмыртқа өндіреді. Атырау облысындағы сұраныс 80 миллион жұмыртқаны құраса, халықтың сұранысынан артылған жұмыртқаларды көршілес аймақтарға саудалаймыз» деген болатын. Бүгінде облыс басшысының сөзі іс жүзінде жүзеге асуда. 
Құс фабрикасының атқарушы директоры Виктор Пацтың айтуынша, фабрика өзінің жобалық мақсаты, яғни 30 млн дана жұмыртқаны шығару қуатына бір жылдан соң жетеді. Қазіргі күні құс фабрикасында тәулігіне 52 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Фабрика өнімі бүгінде облыс орталығындағы базарлар мен апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде және ауданның сауда орындарында сатылымда. Жұмыртқаның әр данасы 15 теңгеден. Бұл сырттан келетін жұмыртқадан екі теңгеге арзандау және сапалы әрі отандық өнім. Халық пен құс фабрикасы арасында делдал қызметін болдырмау мақсатында «Жігер» шаруа қожалығы өз дүкенін ашуды жоспарлауда. Кешенді шаруашылық алдағы уақытта жылына 10 мың тонна тауық етін сауда орындарына жеткізуді жоспарлап отыр. Жалпы, құс фабрикалары толық өнім қуатына жетуі үшін үш немесе төрт кезеңді жобалауды жүзеге асырады. Соның нәтижесінде фабрика өнімі молая түседі. 
Атырау аймағы ауыл шаруашылығына тың серпін беретін құс шаруашылығы жобаларының сәтті бастауы жергілікті кәсіпкерлердің денсаулыққа пайдалы бөдене құстарын өсіруге ниет етумен жалғасын табуда. Қазіргі таңда Махамбет ауданында «Жұмыртқа және ет өндіру бағытындағы 10 000 бас бөдене фермасы» жобасының құрылысы жүріп жатыр. 
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ осы жобаға 40,0 млн. теңге қаржы бөлсе, өзге қаражат есебін «Атырау-Бөдене» ЖШС өзі қаржыландырады. Жобаның жалпы құны — 90,0 млн. теңге. Ағымдағы жылы пайдалануға берілуі жоспарланған бөдене фермасы жылына 700 мың дана бөдене жұмыртқасы мен 2 тонна бөдене етін өндейтін болады. Жобаны ағымдағы жыл аяғына дейін іске қосу жоспарлануда. Сайып келгенде, аймақта жаңа жобалардың ашылуы жергілікті жердегі жұмыссыздықты болдырмауға септігін тигізуде. 

Аймақта атқарылып жатқан іргелі істер мемлекеттік бағдарламалардың еліміздің экономикасына ғана емес, әлеуметтік әлеуетіне қосар үлесімен ерекшеленуде. Мұнайлы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы тың жобалардың жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылуы, отандық өнім өндіріп қана қоймай, оны экспортқа шығаруға жасалып отырған нық қадам. Әлемдік нарықтағы ауыртпашылықтарға қарамастан, тауар өндіруші жергілікті кәсіпкерлер бірігіп, отандық өндірісті дамыту арқылы, экспортқа шығаруды көздеп отырғаны еліміздің ДСҰ-ның мүшесі болып, бәсекеге қабілетті болуымен тұспа-тұс келді. Бұл елімізді әлем елдеріне отандық өндіруші ретінде кеңінен танытуға орасан мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар