Атырауда газ бірден 55-тен 90 теңгеге дейін шарықтап кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырауда газ бірден 55-тен 90 теңгеге дейін шарықтап кеткен

Атырауда газ бірден 55-тен 90 теңгеге дейін шарықтап кеткен

Мұнайлы астананың автокөлік иелері бір апатадан бері газ тапшылығын сезінуде. Жанармай бекеттерінің бірінде көгілдір отын мүлдем жоқ болса, енді бірінде, жүргізушілердің айтуынша, баға 55-тен  90 теңгеге дейін шарықтап кеткен. 

  • 19 Шiлде 2019
  • 71
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Ақжайық басылымына сілтеме жасап, Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

— Осыдан екі апта бұрын 55 теңгеден болған газ қазір кейбір жерлерде 90 теңгеге дейін өсіп кеткен. Алайда, сол бағаға да табу қиын болып кетті. Бір-екі күн бұрын мен түнгі сағат үштерде адам бола қоймас деп жанармай бекетіне барсам, ұзын-сонар кезекті көріп, үйге қайтып кеттім, — деп әңгімелейді жанармай бекеттерінің бірінде жолыққан Қайрат.

Айтпақшы, дәл осы бекетте газ жоқ деген хабарландыру бағанда ілініп тұр.

Бұл жағдай әсіресе жұмыстары автокөлікпен тығыз байланысты адамдарды қатты алаңдатып отыр.

— Жанармай бекеттерінде бірінші кезекте талоны барларды қабылдап жатыр, менде талон жоқ. Тіпті, кезекте бір сағат тұрып та көлікке газ құйдыра алмауың  мүмкін. Көлік жүрмеген соң жұмыс бола ма? Бүгін міне, жұмыс істеймін де, ертеңнен бастап демаламын, — деп шағымданды менің тілші екенімді білген такси жүргізушісі Ризабек.

Дәл осы ЖЖБ-ның электрондық тақтасында 55 деп бағасы жазылып тұр. Алайда кассада  «ГАЗ ЖОҚ. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз» деген қағаз жапсырылған. Терезеден соққан едім, сатушы ашты да: «газ жоқ, қашан болатынын білмеймін»  деп жауап қайырды. 

Басқа да бірнеше бекеттерде мені газдың жоқ екендігі жазылған хабарландырулар қарсы алды.

13 шілде де Атырау облысы әкімдігінің  Telegram чат-каналында тұрғындардың шағымына Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Данияр МҰҚЫШЕВ былай деп жауап берді:

— Газ жеткізудің тоқтатылуы АМӨЗ ЖШС тарапынан жоспарланған жоқ. Дәл қазіргі сәтте тиісті шаралар алынып жатыр. Энергетика министрлігі Ақтөбеден Атырауға газ жіберу жөнінде шешім шығарды. Келесе аптада болады деп күтіп отырмыз. Орын алған жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз.

Алайда, бұл жауаптың берілгеніне де 5 күн өтті, ал ахуал менің жанармай бекеттеріне жүргізген мониторингім мен оқырмандардың қоңырауы және әлеуметтік желілердегі комментарийлерге қарағанда еш нәрсе өзгермегенге ұқсайды. Сондықтан да телефон арқылы Д.Мұқышевпен хабарластым.


— 15 шілдеде барлық бекеттер Ақтөбеден сұйытылған газды жеткізу жөніндегі келісімшартқа отырды, — деп хабарлады ол.  – Кеше бізге бірінші партиясын жіберді, ол бүгін-ертең жетеді. Бағаның өсіп кеткеніне келетін болсақ, бұл әлеуметтік газ емес, олар (автобекет иелері) жеке кәсіпкерлерден сатып алады, сол себепті баға жоғары. Бізге Ақтөбеден сұйытылған газ айдың аяғына дейін жеткізіледі, ал 1 тамызда АМӨЗ-де жөндеу аяқталады.

Атырау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының мәліметтері бойынша, газбен жүргізілетін автокөліктер саны жыл сайын өсіп келеді. 2014 жылы олардың саны – 500 болса,  2015 жылы 2 606, ал  2016 жылы 3 867 жетті. Олар бізге соңғы мәліметтерді бірден ұсына алмады, алайда, осы жылдың басынан бері 1070 автокөлікке рұқсат беру құжаттарының  берілгендігі белгілі болды. 
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.