Атырауда орамал таққан оқушының ата-анасы мектеп әкімшілігін сотқа берді - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырауда орамал таққан оқушының ата-анасы мектеп әкімшілігін сотқа берді

Атырауда орамал таққан оқушының ата-анасы мектеп әкімшілігін сотқа берді

Арызданушы өз қызын мектеп директоры мен әкімшілігінің мектепте кіргізбеуін заңсыз деп тануды талап еткен, деп хабарлайды Baq.kz. Аты

  • 30 Мамыр 2017
  • 616
Фото - Caravan.kz

Арызданушы өз қызын мектеп директоры мен әкімшілігінің мектепте кіргізбеуін заңсыз деп тануды талап еткен, деп хабарлайды Baq.kz.

Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотына талап арыз беруші Д. есімді азамат мектеп басшылығының қызына сабаққа орамал – кимешек киіп келуге рұқсат етпегендіктен, оқушы сабақтан қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Арызда Д. қызын дәстүрлі діни мәдениетке тәрбиелейтінін, жас кезінен кимешек киюге дағдыландырып жүргенін жазған. Сотта анықталғандай, 2016 жылдың қыркүйек айының басында мектеп әкімшілігі талап қоюшыға Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес міндетті мектеп киімі үлгісі сақталуы тиіс екенін ескертіп, қызды мұндай киіммен оқуға қабылдаудан бас тарту туралы жазбаша хат табыстаған. Наурыз айында ата-ана қызын оқуға қайтып әкелгісі келетінін хабарлағанымен, айтқанын орындамаған. Сондай-ақ, ата-ана аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысына барудан бас тартқан.

«Аталған істі қараған судья Білім және ғылым министрлігінің киім үлгісін сақтау туралы талабы зайырлылыққа,тепе-теңдікке жауап беретінін, еліміздің мемлекеттік құрылымының принципіне сәйкес келетінін түсіндіреді. Бұл заң нормалары барлық конфессия мен ұлт өкілдері үшін ортақ болып табылады, оқушылардың діни көзқарас бостандығына құқықтарын шектемейді. Ата-аналардың діни бетбұрысы тұлғаның оқуы мен дамуы жолында кедергі келтірмеуі тиіс», — делінген облыстық сот баспасөз қызметінің хабарламасында.


Осылайша, сот еліміздің «Білім туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, ата-аналар және басқа да заңды тұлғалар білім беру мекемесінің белгіленген ережелерін орындауға міндетті деп санаған.

Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектеп киімі үлгісіне түрлі конфессиялардың діни киім үлгісінің элементтерін қосуға жол берілмейді. Дереккөзі осыған байланысты сот азамат Д.-ның талап арызын қанағаттандырудан бас тартқанын хабарлайды.