Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2005-жылдың мамыр айында белгісіз біреу аудандық салық комитетінің жұмысына тексеру жүргізу үшін Мақат ауылына келген Атырау облыстық салық комитетінің қызметкері Тұрар Жұмашевті атып өлтірген. Ал оның әріптесі оқ тиіп, ауруханаға жеткізілді.
Кісі өлтіру дерегіне қатысты қылмыстық істің тексерілу барысын ҚР ІІМ тікелей өзі төтенше қадағалауға алды. Тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктінің аты-жөнін анықтап, оның бұған дейін де бұзақылығы үшін екі мәрте сотталғанын білді.
Тұтқынның айтуынша, 13-мамырға қараған түні ол мас жүрген. Ауылдың бір топ жастары оны соққыға жығыпты. Әлгілерден кек қайтаруды ойлаған ол мылтық алып, шабуылшыларды іздестіре бастайды. Салық комитетінің қызметкерлері орналасқан «Надежда» қонақ үйіне келген ол ашық тұрған терезелерге қаратып екі рет оқ атады. Осыдан кейін аулада отырған екі адамды атып, ізін жасырады.
Қазір тергеушілер тұтқынның айтқандарын тексеріп жатыр.