Ведомствоның ақпаратына сәйкес, оны ӘҚК-нің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетовтің басшылық етуімен Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшылығының кешенді комиссиясы өткізді. Тексеріс Талдықорған гарнизонының әскери бөлімдерінен басталды. Онда жауынгерлік даярлық, жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйі, тәртіп пен құқықтық тәртіп, моральдық-психологиялық жай-күй мәселелері тексерілді. Жауынгерлік даярлық аясында ӘҚК-нің бас қолбасшысы қарапайым және күрделі пилотажға орта және шағын биіктіктерде ұшу құрамының пилотаждау шеберлігінің орындалуын тексерді.
«Іс-шараның негізгі мақсаты жеке құрамның жауынгерлік машығын, әскери бөлімдердің қойылған жауынгерлік тапсырмаларды қысқа мерзімде орындау әзірлігін жан-жақты тексеру, сондай-ақ бөлімшелердің жауынгерлік даярлығы мен үйлесімділігінің деңгейін бағалау болды. Бізге ұшу құрамның практикалық деңгейін мұқият пысықтап, олардың арналуы бойынша тапсырмаларды орындауға әзірлігін бағалау қажет», — деді Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.
ӘҚК бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Тұралы Қойшықұлов ұшу құрамның моральдық-психологиялық дайындығын, тәрбие және идеологиядық жұмыстың ұйымдастырылуы мен әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйін зерделеді.
«Командирлер мен нұсқаушылар олардың техникада жұмыс жасауы кезінде мықты дағдылары мен жүктелген міндеттерді сәтті орындауы үшін ұшу және инженерлік-техникалық құрамды тиісті деңгейде оқып-үйретуі тиіс. Олардың алған білімді шебер қолдануы мен өздерінің жауынгерлік техникасын жақсы білуі маңызды», — деп атап өтті полковник Т.Қойшықұлов.
Тексеріс аяқталғаннан кейін әскерлер қызметі және әскери тәртіпті нығайту жөнінде ұсынымдар берілді, әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларына қажетті көмек көрсетілді.