Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды.
"2018 жылдың 9 қаңтарында Алматы қаласының Медеу аудандық №2 сотының тергеу судьясы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілге алу туралы шешім шығарды. 1 миллион 250 мың теңге көлемінде кепіл төленді", — деп хабарлады Алматы қалалық сотындағылар.
"Сотқа дейінгі тергеу органдарының мәліметінше, Ерлан Біләл "Сезам" қоғам қайырымдылық-шығармашылық қорының жетекшісінен 2017 жылдың 23 желтоқсанынан 2018 жылдың 7 қаңтары аралығында бірлескен театр қойылымдары жайлы құжатқа қол қойдыру үшін 900 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді", — деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, 5 қаңтарда ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл 1,5 миллион теңге парамен ұсталған болатын. "Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Алматыда Жаңа жыл кезінде балаларға қойылым қою мақсатында театрдан орын беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", — деп хабарлаған еді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин.
Ал 9 қаңтарда Әуезов театры директоры міндетін атқарушы тағайындалған болатын.
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры" Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Біләлов Ерлан Әбділдаұлы 2018 жылдың 4 қаңтарында істің мән-жайы анықталғанша қызметінен шеттетілді. Шеттетілген уақытта міндетті директордың шығармашылық іс бойынша орынбасары Жандарбек Алайдарұлы атқарады", — делінген еді министрлік хабарламасында.