«СПЕКА бағдарламасына қатысушы елдер оған Ауғанстанды да біріктіріп алу идеясына бір дауыстан қолдау білдірді»,- деді Қ.Тоқаев.
Қазақстан сыртқы істер министрінің айтуынша, «қаржыландыру көлемі мен келешекте Ауғанстанда жүзеге асырылатын бағдарламалар туралы әзірге талқыланған жоқ». «Дегенмен Ауғанстанның СПЕКА бағдарламасына мүшелікке өтуінің өзі маңызды факторлардың бірі. Бұл — аймақ елдерінің аталмыш бағдарламаға деген қызығушылығының артқанын дәлелдейді».
БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасы — СПЕКА-ға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан біріккен. 25-27-мамыр аралығында Астанада өткен конференция барысында СПЕКА бағдарламасына Ауғанстан да бірікті.
Конференцияда СПЕКА бағдарламасын нығайту және жаңалау жолдары талқыланып, 2005-2007-жылдарға арналған жаңа жұмыс жоспары жасалды.