Ауғанстанда тұрақтылық орныққан жағдайда аймақ елдері үшін экономикалық дамуға тың мүмкіндіктер ашылады - Орталық Азия және Кавказ институты - kaz.caravan.kz
  • $ 522.42
  • 543.89
-16 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ауғанстанда тұрақтылық орныққан жағдайда аймақ елдері үшін экономикалық дамуға тың мүмкіндіктер ашылады - Орталық Азия және Кавказ институты

Ауғанстанда тұрақтылық орныққан жағдайда аймақ елдері үшін экономикалық дамуға тың мүмкіндіктер ашылады - Орталық Азия және Кавказ институты

Ауғанстанда тұрақтылық орныққан жағдайда аймақ елдері үшін экономикалық дамуға тың мүмкіндіктер ашылады. Бүгін, 14-маусымда қауіпсіздік және аймақтық ынтымақтастық мәселесі бойынша екінші Алматы конференциясында сөз сөйлеген АҚШ-тың Джон Хопкинс Университеті Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Фредерик Старр осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 14 Маусым 2004
  • 647
Фото - Caravan.kz

Ф.Старр осы орайда соңғы 9 айда Ауғанстанда баспасөз хабарламаларында айтылмай қалған, бірақ ел мен оның тұрғындары үшін айрықша маңызды бірсыпыра оқиғалар болғанын атап өтті. Мәселен, елде жаңа валюта айналымға енгізіліп, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізілді, қарулы құрылымдарды қарусыздандыру процессі қызу жүзеге асырылуда, қарулы күштерде қызмет ететін әскерилердің саны 50 мың адам мөлшерінде тұрақтанды, полиция жасақтары пайда болды. Ел көлемінде 3 млн. адам оқуға қамтылып, олар үшін 15 млн. оқулық шығарылды. 2003-жылы Ауғанстан үшін рекордты мөлшерде астық жиналды. Мұндай көрсеткішке елге бидай тұқымын жеткізуді жүзеге асырған халықаралық қоғамдастықтың көмегі негізінде қол жеткізілді.

Соның нәтижесінде, Ф.Старрдың айтуынша, жуық арада Ауғанстан өзінің тарихи мекені — Орталық Азия аймағының толық құқылы мүшесіне айналып, аймақты экономикалық тұрғыда қайта жаңғырту және халықаралық интеграциялану құбылыстарына тең дәрежеде атсалыса алады. Демек, экономикалық әлеуеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылатын Орталық Азия аймағының ішкі рыногы бірден 24 млн. адамға артып, жалпы алғанда 80 млн. адамға жете алады.
Ауғанстандағы көлік инфрақұрылымын дамыту жалпы құрлық аумағындағы сауда-саттықты қалпына келтіруде Орталық Азия аймағының мүмкіндіктерін кең көлемде әрі икемді пайдалануға жол ашады. Қазірдің өзінде елдің оңтүсік бағыттындағы Кабул-Кандагар тас жолы қалпына келтірілді. Қауіпсіздігі қамтамасыз етілген бұл жолға 17 сағат уақыт кетеді. Бұл жолмен Пәкістанның теңіз айлақтарына шығуға мүмкіндік бар. Герат арқылы Иранға бағытталған автокөлік жолы да қайтадан жаңғыртылуда. Жол пайдалануға берілгеннен кейін Ресей мен Орталық Азия республикалары Иранның теңіз айлақтарына шыға алады. Келешекте Қытайдың теңіз айлақтарына шығатын жолдар да ашылады деп күтілуде.
Коммуникациялар дамыған сайын АҚШ, Еуропа, Қытай, Түркия, Иран және Пәкістан сынды сыртқы саяси полюстар тарапынан Орталық Азия аймағына деген қызығушылық арта түспекші. Ф.Старрдың пайымдауынша, аймақ елдері осындай оңды ағымды өз егемендігі мен тіршілік қабілетін қамтамасыз ету тұрғысынан тиімді пайдалана алады.