Кеше швейцариялық, әлемнің сегізінші ракеткасы Станислас Вавринка мен сербиялық, рейтингте екінші орында тұрған, Австралия ашық чемпионатының төрт мәрте жеңімпазы Новак Джоковичтің арасындағы ойынның шиеленіскені сондай, төрт сағатқа созылды. Бес партияның қорытындысында (2:6, 6:4, 6:2, 3:6, 9:7) бұған дейін Новактан ұтылып жүрген С.Вавринка қарсыласынан басым түсті. Сөйтіп ол Н.Джоковичтің Австралияның ашық чемпионатындағы 25 ұтыстан тұратын жеңісті жолын тоқтатып, жартылай финалға жолдама алды. Онда чехиялық, әлемдік рейтингте жетінші сатыда тұрған, бұған дейін Австралия біріншілігінің финалында бір рет ойнап, Р.Надальдан ұтылып қалған Томаш Бердыхты жеңсе, талайдың арманына айналған финал да жақын тұр.
Әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль бүгін ширек финалда болгар Григор Димитровпен, ал тағы бір швейцариялық Роджер Федерер ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасады.