Меморандумның негізгі мақсаты 1 сұрыпты формалы нанның бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу болып табылады. Енді қол қойылған құжаттар негізінде әкімдік нан пісіретін кәсіпорындарды белгілі баға бойынша ұнмен қамтамасыз ететін астық өңдеуші-операторларды белгілейді. «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес компаниясы — «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы астық қорынан облысқа тоннасын 26 500 теңгеден бидай жеткізіп береді. Корпорация өз кезегінде астықты әкелуді 2010 жылдың 1 қыркүйегінен 2011 жылғы 1 қазанына дейінгі кезеңде ай сайынғы қажеттілікке сәйкес кесте бойынша жүзеге асырады. Оның астық ресурсы кестеге сәйкес келмеген жағдайда «Астық одағы» міндетті өз мойнына алады.
Бұрын айтылғандай, Экономиканы жаңарту жөніндегі мемлекеттік комиссияның үстіміздегі жылғы 26 тамыздағы отырысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 26 500 теңге бағамен 2 миллион тонна астықты сатып алуы туралы шешім қабылданды. Сатып алуды қаржыландырудың көзі холдингке республикалық бюджеттен берілген қаражат, сондай-ақ ҚазАгроның меншікті қаржысы болып табылады. Сатып алуды Азық-түлік корпорациясы облыстар арасында егіннің жалпы түсіміне мөлшерлес бөлінетін белгіленген квота бойынша жүргізеді.