Бұл — жылап тұрған Интернациональная ауылдық округінің әкімі Шәрбәт Рахманова. Ол телефон арқылы аузына келгенін айтып, тұрғынға сес көрсеткен. Мемлекеттік қызметкердің аузынан ақ ит кіріп көк ит шыққанын естіген жұрт сонда жағасын ұстаған еді. Әдеп кеңесіне де сол бейәдеп қылығы үшін шақырылып отыр. Дегенмен, 28 жастағы Шәрбәт Рахманова барынша ақталып бақты. Телефон арқылы сөйлесіп, сөздерін таспаға басып алған Валерий Рабченюктің өзін кінәлады. Бірақ, облыстық кеңес мұндай әдепсіздігі үшін ауыл әкімін кешірмеді. Есіл ауданы әкіміне Рахманованы қызметтен қуу туралы ұсыныс жасауды ұйғарды. Ал Ақан Құрманов атындағы ауылдық округтің әкімі Алтынай Біләлова, тұрғындарға есеп беру кезінде «Аузыңды жап!» деп айғайлаған. Осы сөзге өкпелеп қалған 80 адам мемлекеттік қызметкерге шағым түсірген. Бұл әкім сөгіс алып құтылды.
Әлібек Баймағанбетов, Ақмола облыстық аумақтық әдеп кеңесінің мүшесі:
— Аудан әкімдеріне сауал жолдауымыз керек. Қалай бұл, әкімдерді тағайындайды. Тұрғындардың шырқын бұзып отыр ғой, елдің жағдайын көтере ме десек. Кім, қандай талаптармен қояды ауыл әкімін сонда? Мынау масқара ғой!