Жарияланды: 510

Ауылдық амбулаториялар 2006-жылға дейін мамандармен және қажетті құрал-жабдықпен толыққанды қамтамасыз етілуі тиіс - үкімет басшысы

Бүгін, 23-қаңтарда ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов еліміздегі денсаулық сақтау нысандарының қамтамасыздығы мәселесіне арналған кеңес өткізді. Кездесу қорытындысы туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтың ақпаратын тыңдаған үкімет басшысы алғашқы медициналық жәрдем көрсету бөлімшелері мен ауылдық амбулаториялардың қазіргі ахуалы қандай дегенді нақты бағалау қажеттігін атап көрсетті. Д.Ахметовтың айтуынша, 2004-жылы облыс әкімдері алғашқы медициналық жәрдем бөлімшелерін жабдықтап жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруы тиіс. "Облыстар думан нысандарын сала беруді доғарып, қарапайым адамның мұқтаждықтарына ден қойғаны дұрыс",- деді үкімет басшысы. Кеңесте ортаға салынған мәліметтерге жүгінсек, еліміз бойынша денсаулық сақтау нысандарының жабдықталу көрсеткіші қажеттіліктің 50 процентіне әрең жетеді. Фельдшерлік акушерлік бөлімшелер қажетті жабдықпен 40 процент, ауылдық амбулаториялар 42 процент қамтамасыз етілген. Жабдықталу деңгейіне қарай Павлодар облысы, Астана және Алматы қалалары жалпы республикалық деңгейден жоғары тұр. Бұл аймақтардағы жабдықпен қамтамасыз етілу көрсеткіші 70 проценттн асады. Кеңес қорытындысы бойынша үкімет басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге ауылдарда дәрігерлік мекемелер салу, жөндеу және жабдықпен қамтамасыз етуге назар аудару туралы тапсырма берді. Д.Ахметов 2006-жылға дейін ауылдық амбулаторияларды жоғары кәсіби мамандармен және қажетті жабдықтармен қамтамсыз ету жайында міндет жүктеді. Денсаулық сақтау министрлігі облыс әкімдерімен бірлесе отырып алдағы екі жылда орталық аудандық ауруханалардың қамтамасыздығы проблемасының шешімін табуы тиіс. Үкімет басшысының пікірінше, бұл дәрігерлік көмектің сапасы мен халықтың оған дер кезінде қол жеткізу мүмкіндігін арттырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін