Жарияланды: 560

Ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Қазақстандық оппозиционерлердің бірқатар тұлғаларға Украинада саяси қашқын мәртебесін алуға көмектескені анықталды - ІІМ

Астана. 29 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Қазақстандық оппозиционерлердің бірқатар тұлғаларға Украинада саяси қашқын мәртебесін алуға көмектескені анықталды. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ІІМ ақпарат және қоғаммен байланыс орталығының директоры Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Іздестіру іс-шараларын жалғастыру барысында және Украинадан алынған ресми жауаптардың негізінде мына жағдай белгілі болды: Есентай Байсақов саяси қашқын мәртебесін бір топ қазақстандық қоғамдық ұйымдар көшбасшыларының, соның ішінде Болат Әбіловтің де қолы қойылған жазбаша үндеу негізінде алған",- деді Б.Қожахметов. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы ауыр қылмысты жасыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Атап айтқанда Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметов Қазақстан құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген азаматтардың тұратын жерін жасырып келгені, сонымен қатар бұл мақсатта оларға белсенді көмек көрсеткендері анықталды", деп Б.Қожахметов өткен аптадағы брифингет мәлімдеген болатын. Естеріңізде болса, 2001 жылдың 18 маусымында Павлодар қаласында "Химпродукт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Борис Костановты өлтіріп кеткен болатын. Осы қылмыс сол уақытта үлкен қоғамдық сілкініс туғызған еді. Өңірдегі белгілі кәсіпкерді өз үйінің маңында тапаншадан атып кеткен. Тергеушілер қылмысты тапсырыспен кісі өлтіру деп бағалады. Осы қылмысты жасағандары үшін 2004 және 2008 жылдары Павлодар облыстық соты Асанәлі Жекебаев және Асқар Дүйсенбаев деген азаматтарды осы қылмысты ұйымдастырушы және орындаушылар ретінде әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырды. Өз кезегінде, кісі өлтіруге тапсырыс беруші ретінде анықталған Есентай Байсақов мемлекетаралық іздеуге жарияланған болатын. Содан бері полиция қызметкерлері елде және ТМД елдерінде оны іздестірумен айналысып келді. Осы жылы Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы оның тұратын жерін анықтады. Сонымен, Есентай Байсақов Киев қаласында өмір сүріп, сонда кәсіпкерлікпен айналысады екен. Украина прокуратурасына осыған сәйкес оны елге қайтару туралы сұрау салынған еді. Украинаның Бас прокуратурасынан Байсақовтың расында да осы елде тұратыны және оның саяси босқын деген иммунитеті бар екені туралы жауап келді. Осының негізінде, Есентай Байсақовтың мемлекетаралық іздеуге жарияланғанына қарамастан, оны Қазақстан Республикасына қайтару мүмкін болмай отыр. Іздестіру іс-шараларын жалғастыру барысында және Украинадан алынған ресми жауаптардың негізінде мына жағдай белгілі болды: Есентай Байсақов саяси қашқын мәртебесін бір топ қазақстандық қоғамдық ұйымдар көшбасшыларының, соның ішінде Болат Әбіловтің де қолы қойылған жазбаша үндеу негізінде алған. Сонымен, осы азаматтардың әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 363-бабында қарастырылған "Ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасырушылық" бойынша қылмыс құрамы бар. Тергеушілер бүгінде қолда бар материалдармен танысу және оларды сараптау бойынша қажетті іс-шараларды жүргізді. "Соңғы аптада тергеушілер Борис Костановты өлтіргендерді жасырған деген күдікпен Б.Әбілов, А.Косанов, А.Кожахметов тергеді. Жазбаша үндеуге қатысы бар екендерін ол және басқа да күдіктілер жасырмайды. Бірақ күдіктілер Украинаға үндеуді кім үшін жолдап отырғандарын білмегендерін айтуда. Украина билігіне жіберген үндеулерінде олар азамат Е. Байсақовтың қоғамдық қозғалыстың белсенді мүшесі екеніне сендіреді, бірақ шындығында ол осы ұйымның мүшесі болмаған. Бұл туралы жауап алу барысында күдіктілердің өздері растады",- деді Б.Қожахметов. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін