Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Осы ретте оқыс оқиғаға қатысты журналист, тележүргізуші Дина Төлепберген желідегі парақшасында өз ойын айтты.
”Ауырып өлгенше, жүгіріп жан тәсілім еткен артық. Бұл — менің анамның сөзі. 40 жылдан астам жедел жәрдемде жұмыс істеген дәрігердің шындығы. Кешегі марафонда екі адамның қазасы туралы естігенде күрсініп, осыны айтты. Сонда қалай, деп мен таңдандым. Ұзақ азаптамай, жақындарыңа масыл қылмай, бір сәтте өз аяғыңмен кету — бұл да Алланың мейірімі деді. Дәрігерлердің болжамынша, марқұм болған марафоншылардың екеуі де тромбоэмболиядан көз жұмған. Бұл өкпеге түскен тромб. Бұл — жүктемеден тікелей болған жағдай емес. Бұл — тағдыр. Жақындарын жоғалтқан жандарға мен өз атымнан қайғырып көңіл айтамын. Бірақ, көпшіліктің қазір ұйымдастырушыларды айыптап жатқанымен келіспеймін. Меніңше, бұл әділетсіз. Себебі, мұндай ауқымды іс-шараның артында күн-түн демей, жұмыс істеген қаншама адамның маңдай тері жатыр. Бірақ біз мұны елемейміз. Парадокс, біз тек қайғы болса ғана оянамыз. Кінәліні іздеуге, шектеуге дайын тұрамыз. Айтыңызшы, неге бұлай? Мен жүгіруден гөрі жүзгенді көбірек жақсы көремін. Бірақ марафон кезінде көшелердің жабылғанына ашуланбаймын. Себебі, бұл — тек жүгіру емес, бұл — тәрбие, рух. Ал ел үшін туризм, экономика, мәдени имидж. Сондықтан денсаулығыңызды тексеріңіз. Өзіңізді күтіңіз. Спортпен айналысыңыз. Мақсат қойыңыз. Ия, өмір — Алланың қолында. Бірақ, қалай өмір сүру, жүгіру әлде диванда жатып бас шайқап, сынау, ол тек сіздің қолыңызда”, — деді ол.