Ауыз су мен жарықтың зарын тартқан «Қызыл Қайраттықтар» наразылық танытты
|
Алматы облысында ауыз су мен жарықтың зарын тартқан Қызыл Қайрат ауылының тұрғындары наразылық танытты. Жарыққа екі есе қымбат төлейді, су құбырларын да жұрт өз қалталарынан төлеп төсеткен. Бірақ сол тоғы екі күннің бірінде өшіп қалады, ал құбырға су жіберілмей қақсып тұр. Шыдамдары шегіне жеткен ауылдықтар бүгін шу көтеріп, жергілікті басшылардан түйткілді тез арада шешуді талап етті.
Жарық үшін артық төлеп келе жатқан Қызыл Қайраттықтар бүгін мәселені төтесінен қойып, жауаптылардан жауап алуға бекінді. 10 жылға жуық әр киловатт энергия үшін қалыпты көрсеткіштен артық ақы төлесе де, онысы күнара үзілетін болған. Барлығы подстанция жекенің қолында болғандықтан дейді жұрт.
Майра Алпысбаева, Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны:
- Жарық бағасын қымбаттатып береді. Халықтан 22 теңгеден жинағанда олар бізбен ұрысады-бақырады. Райкомға қашан барсаң да анау қағаз, мына қағаз... Әлі сол бойынша тұрмыз. Балансқа қашан өтетінін сұрап, өліп отырмыз.
Подстанция 2010 жылы мемлекет меншігіне өтсін деген облыс әкімінің қаулысы шыққан көрінеді. Бірақ осы күнге дейін бұл бұйрық орындалмай, жұмыстар атқарылмаған. Жергілікті билік тіпті жөндеуге де көк тиын бөлмепті.
Омар Қаптағаев, Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны:
- Қазір мына шағын бекеттің ешқандай ауырлыққа шамасы келмейді. Былтыр қыста 4 рет атылды. Қолымызды үрлеп отырып, әрең жасадық. Электрлік желіден көмек жоқ ешқандай, әкімдіктен көмек жоқ!
Сонымен қатар 70 жыл бойы арық суын пайданалып келген тұрғындар өз қаражаттарына су құбырын жүргізіпті. Бірақ оның бойымен ауызсу жіберілмеген. Әкімдік тек құжаттарды рәсімдеп, атқарылған жұмыстарды өздеріне аударған. Енді арықта да, құбырда да су жоқ.
Салтанат Темірбекова, Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны:
- Арықтың да суын бермейді қазір бізге. Көрсеңіз сап-сары су. Жазда да, қыста да су жоқ міне. Біз машинамен, кім-қалай тасиды солай. Қар жеуге де тура келеді. Трубаны да өзіміз алдық, 800 метр деп актіге қол қойған, барлығы бар, бізді қоспайды.
Шенділер жылдар бойы созылып, шешімі табылмаған ауызсу мен жарық мәселесі қаржы тапшылығынан деп отыр. Бірақ жыл соңына дейін тұрғындарға су беріліп, жарықпен жарылқамауға әрекет жасамақ.
Бақытнұр Әтейбеков, Алатау ауылдық округ әкімінің орынбасары:
- Барлық қағаз жұмыстары біткен, облыс әкімінің қаулысы бар. Подстанцияны балансқа өткізу туралы. Қазір ақша тосып отырмыз. Қарашада топтама су құбырын өткізеді балансқа. Одан кейін әр ауыл қосыламыз соған. Сол кезде су мәселесі шешіледі.
Осылайша 70 жыл бойы ауыз судан таршылық көріп отырған Қызыл Қайрат тұрғындарына «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы орындалғанша мына арық суын пайдалануға тура келеді. Қағаз жүзінде барлығы іске асырылғанымен, іс жүзіндегі жағдай мүлдем өзгеше. Ал жарыққа қол жеткізу үшін мына подстанция мемлекеттің балансына өтуі тиіс. Бірақ оған қажетті 1 млн 300 теңгені шенділердің сөзіне қарағанда тұрғындар өз қалтасынан төлеуі қажет.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін