Құрбыларыңыздың дастарқанынан кем болып қалғандығын ойлап қам жемеңіз. Бастысы – ысырап жасамастан, халал тағам дайындап, сауапқа кенелу. Сонымен, ауызашар сәтінде қандай тағамдарды дайындаған тиімді әрі пайдалы?! Сүннет бойынша ауызашарды жаңа піскен немесе құрғақ құрмалармен немесе сумен бастаған абзал.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерден біреу ауыз ашатын болса, құрмамен ауызын ашсын, ал егер ол құрма таппаса, онда сумен ифтар жасасын, өйткені, расында, ол тазартады» (Әбу Дауд 2355, әт-Тирмизи 658). Демек, қолда барыңызбен, бір түйір құрма болса да ауыз ашқаныңыз абзал. Себебі, нәпсіңізді тыйған сайын Рамазан сізді сабырлыққа, шыдамдылыққа, нәпсісін тыюға, құмарлығын жеңуге, Раббысынан қорқуға тәрбиелейді. «Ей, иманға келгендер! Тақуалық етулерің (Алланың жазасынан қорқып, сақтануларың) үшін сендерден бұрын өткендерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят). Тіпті, бір ғұламадан: «Не себепті ораза бекітілген?» деп сұралғанда: «Байдың аштықтың қадірін түсініп, кедейді ұмытпасы үшін» деп жауап берген екен.
Құлшылық науқанында уақытыңызды ысырап етуден қашыңыз.
Көптеген отбасының Рамазан айында басқа айға қарағанда азық-түлікке өте көп қаражат жұмсайтындығы, үнемшілдіктің ұмытылатындығы ойландырады. Ал әйел әр түрлі тағам мен сусын дайындау үшін басқа айға қарағанда, дәл осы Рамазан айында асханада көп жүріп қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «..Негізінде, адамға белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және үштен бірін ауаға арнасын» деген (Муслим). Бұл – тамақ жасамай қою деген сөз емес. Дұрысы – күйеуіңізге асқазанының қажеттілігін қандыруға емес, Раббысына басқа үлкен құлшылықтармен жақындауына көмектесу. Әйел адам – ауызашарды мойнына алушы. Бұған байсалдылықпен қарап, азық-түлік тізімдерімен санаңызды толтырмауға тырысыңыз. Бар болғаны тамақтың құнарлы, пайдалы болуын қадағалаңыз. Ол үшін әр 10 күн сайын алда жасайтын тағамдарыңыздың тізімін жасап, азық-түлікті алдын-ала сатып алып қойыңыз. Бұл – ақшаны да, уақытты да үнемдеуге көмектеседі. Етті бөлшектеп, дайын күйінде тоңазытқышқа салып қойыңыз және күтіп қалмас үшін ертерек шығарып қоюды әдетке айналдырыңыз. Сондай-ақ, бұзылмайтын пияз, сарымсақ, қызанақ тұздығын, дәмдеуіштерді мұздатқышқа қалдырыңыз. секілді Салқын табиғи сусындарды да алдын-ала дайындап қоюға болады. Ал егер тұрмыс құрмаған бойжеткен болсаңыз, демалыс күндері асхана шаруаларын реттеп, аптасына 2 рет қана тамақ істейтін жағдай жасауға болады.
Есесіне, білім ізденуге, нәпіл құлшылықтарға арналатын уақытыңыз көбірек болады. Бұл Қасиетті айда Жаратушымызға жақындай түсіп, рухани байығыңыз келсе, жиі Құран оқып, дұға етіп, құлшылықтарыңызды арттырыңыз.
Ауызашарға қандай тағамдар пайдалану керек?!
Алдымен ауыз ашқан кезде құрмамен, сумен немесе сорпа, ет қосылған көкөніс тағамы сияқты жеңіл тағамдармен ауызашарды бастау керек. Асқорытуға 15-20 минут ажыратқаннан кейін майы аз, отқа піскен етті тағамдар, бұршақ тұқымдастар, көкөніс тағамдары, салаттар, айран сияқты тағамдармен жалғастыру керек. Ашығу кезінде адамның жүйке жүйесі, асқазаны тітіркенген жағдайда тұрады. Әлсіреп, шаршап тұрасыз. Сондай кезде, бірден қуырылған тамақ жеуге болмайды. Екіншіден, ащы тамақ жеуге тағы болмайды. Өйткені ашығу кезінде асқазандағы сөл көбірек бөлініп тұрады да, қышқыл бөлу деңгейі сәйкес келмей астың қорытылуына кері әсерін тигізеді. Рамазан айында жүйесіз тамақтанған адамдарда әлсіздік, депрессия, асқазанның ауруы және ас қорыта алмауы, қан қысымының төмендеуі сияқты көптеген денсаулық проблемалары байқалуы мүмкін. Сондықтан, бүгіннен бастап ащы, майлы, кофе сияқты тез шөлдететін, асқазанға салмақ түсіретін тағамдардан бас тартып, ағзаңызды жеңіл әрі құнарлы тағамдарға үйретіңіз. Ас мәзіріңізден қою шайды, тәттілерді (кондитерлік өнімдер), газдалған сусындарды алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, қарныңызды тез аштырады. Оның орнына:
– талқан, тары
– көкөністер мен жемістер;
– күріштен жасалған жеңіл тағамдар;
– қарақұмық, құрма
– сұлы жармасы
– табиғи шырындар: морс, каркаде, компот
– жасыл көкөністер
– кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ;
– жалбыз шайы, көк шай;
– қызанақ, зәйтүн, арпа наны;
– сүт өнімдерін көбірек қолданыңыз.
Суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. Алайда, жатар уақытқа суды тым көп ішуге де болмайды. Тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашып қалады деп қатты тойып алмаңыз. Сәресіге де уақыт пен орын қалдыруды ұмытпаңыз. Ауызашар кезінде орташа мөлшерде тамақтану Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннет амалына жатады. Өз уақытында өз мөлшерімен ауызға салған тамақты асықпай жеу адамның өзіне, денсаулығына пайдасы мол. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы бір сүннетін барша сахабалары мен ізбасарлары толық орындап келген. Және бізге үмметтеріне де осы қағиданы үлгі етіп қалдырған.
Алла Тағала Рамазан айында ұстаған оразаларыңызды, жасаған жақсылықтарыңызды, тілеген дұғаларыңызды қабыл еткей!