Осы айдың басында «Болашақ» бағдарламасымен Австралияда оқып жатқан Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 22 жастағы студент Сағынай Батырханова азаматтық некедегі тайландтық күйеуінің қолынан қаза тапқан болатын. Көп ұзамай полицияның қолына түскен күдікті өз кінәсін сол жерде мойындаған. Сағынайдың артында төрт айлық Мануэль атты ұлы қалды. Қыздарынан айырылған ата-анасының ендігі бар тілегі — немерелерін өз қолдарына алу. Бұл процесс қазір Австралияда мемлекеттік деңгейде қаралып жатыр. Бала Австралияда туғанымен, азаматығы туралы нақты құжаттары жоқ. Сол себепті бұл жұмыс бір жылға дейін созылуы мүмкін.
Ілияс Омаров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
— Дәл қазір бұл мәселе қаралуда, Австралияның федералдық деңгейінде көтеріліп жатыр. Сол себепті қазір біз қандай да бір нақты жауапты бере алмаймыз. Тек шыдамдылық танытып, әліптің артын бағуға ғана тура келеді.