Жарияланды: 470

Австрияда Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Австрияда Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Австрияда Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің үстінен бопсалау мақсатымен адамдарды ұрлау және өлтіру айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды РБК.

«Австрия прокуратурасы Рахат Әлиевтің ісі бойынша тергеу шаралары шілде айының алғашқы күндері басталғанын қуаттады. Әлиев екі банкирді ұрлап, өлтірді деп айыпталып отыр», - делінген РБК-ның сейсенбі күнгі ақпаратында. Австриялық бұқаралық ақпарат құралдарының прокуратура өкіліне сілтеме жасап хабарлауынша, Аустрия билігі Р. Әлиевтің қайда жүргенінен бейхабар. Прокуратураның ақпаратына сәйкес, Р.Әлиевтің Австрияда босқын мәртебесі немесе ол елде тұру құқығы жоқ. Оның соңғы уақытта Мальтада тұрып жатқаны және Аустрияға оралмақ ойы жоқ екені туралы хабарланған болатын. Қаза болғандардың туған-туыстары Р. Әлиевке қарсы Аустрия сотына шағымданған. Австрияның бірқатар саясат және қоғам қайраткерлері билікті әрекетсіздігі мен қылмыскерледі жасырғаны үшін сынға алып, Р. Әлиевті сот органдарына тапсыруды талап етті. Наурыз айында Еуропа комиссиясы Әлиевтің ісі бойынша Австрия прокуратурасына сұрау салған. Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 40 жылға бас бостандығынан айыруға сырттай сотталған бұрынғы елші Р. Әлиевке жақында жаңадан сырттай айыптар тағылды, ол «Нұрбанктің» екі топ-менеджері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты өлтірді деп айыпталды. 15 маусымда бас прокурор Асхат Дауылбаев президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2007 жылы Ж. Темірәлиев пен А. Хасеновқа қатысты жасалған қылмыс бойынша толық мәліметтердің бәрін баяндады. Ақ орданың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, «топ-менеджерлерді Әлиев, Кошляк және басқа да адамдардан құралған қылмыстық топ мүлкін бопсалау мақсатымен ұрлап кеткен». А.Дауылбаевтың мәліметінше, Әлиевтің Алматыдағы резиденциясында банкирлерді байлап, азаптаған, психотропты препараттарды қолданған. Кейін Темірәлиев пен Хасеновты Ремизов шатқалына алып барып, тұншықтырып өлтірген. Н. Назарбаев күш құрылымдарынан Әлиевті және қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды «экстрадициялау үшін қажет шараларды бәрін қабылдауды» талап етті. Алайда Австрия билігі Қазақстанның Р. Әлиевті экстрадициялау туралы екі өтінішін де қанағаттандырудан бас тартты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін