Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Ақтөбе облысында автобустың жанып кету дерегі бойынша қылмыстық іс ІІМ Тергеу Департаментінің өңіраралық жедел тергеу тобының өндірісіне жолданды. Тергеу барысында, автобустың жанып кетуіне автокөлік құралын пайдалану және автобус салонында дәнекерлейтін (паяльная) лампыны пайдалану салдарынан өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы себеп болғандығы анықталды" — делінген хабарламада.
Сонымен қатар құзырлы органның баспасөз қызметі бұл оқиғаға автобустың жүргізушілерінің де қатысы бар екенін айтады.
"Жинақталған нақты деректерге сәйкес аталған қылмысқа автобустың 3 жүргізушісінің де қатысы бары анықталды. 24.01.2018ж. Ақтөбе уақыты бойынша сағ.22:40-та Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 345-б.4-б. бойынша қылмыс жасағаны бойынша күдікті ретінде автобус жүргізушілерінің үшеуі де ұсталды және Ақтөбе қ. ІІБ УҰИ орналастырылды. Қылмыстық іс бойынша қадағалау 1-інші Қызметтің процестік прокурорлары тобына, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарының прокуратураларына жүктелді" — деп көрсетілген хабарламада.
Тергеп-тексеру барысы Бас прокуратураның және Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігінің бақылауында.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай 18 қаңтар күні Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. Жалпы 57 азамат отырған «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жанып жатқан автобустан 5 адам шығып үлгеріпті, 52 адам қайтыс болған.
Бұдан кейін Ақтөбеде өртенген автобустың видеосы шықты.
Сонымен қатар, автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, оларды Ақтөбеге алып барды. Олардың арасында үш жүргізуші, Қазақстан азаматтары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебек, 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, 1978 жылы туған Барат Таңатаров. Барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Қалған екеуі Өзбекстан азаматы – 1988 жылы туған Ахрор Исаков және 1980 Исроилджан Мырзахметов.
Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда болған оқыс оқиға орнына дәрігерлер, СІМ және министрлік қызметкерлерін жіберу үшін ұшақ әзірледі.