«Бұл туралы көп айтылып жатыр. Мен кедендік баж салығы бойынша жеңілдіктердің мерзімі ұзартылмайтынын айтайын», — деді И.Тен дүйсенбі күні брифингте.
«Автокөліктерді рәсімдеумен айналысатын кеден бекеттері 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін әкелінген автокөліктерді кедендік рәсімдеу үшін қажет режимде жұмыс істейді. Біз ондай режимді қамтамасыз етуге тырысамыз», — деп сендірді комитет төрағасының орынбасары.
Ол «автокөлікке декларация беруге үлгеру» керек екенін атап өтті.
Бұған дейін хабарланғандай, пайдаланылған жеңіл автокөліктерді Қазақстанға әкелуге кедендік баж салығының жеңілдікті мөлшермесі 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады. Кеден одағын құру бойынша келіссөздер барысында осындай келісімге қол жеткізілді.
Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, баж салығының мөлшерлемелері дифференциалданған және әр санат бойынша Қазақстанда 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни КО қызмет ете бастағанға дейін қолданылып келген мөлшерлемелерге сәйкес келеді.
КО шеңберінде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанға жеңіл автокөліктерді әкелуге кедендік баж салығы 3 жылға дейін пайдаланылған көліктер үшін бағасының 30%, бірақ қозғалтқышы көлемінің 1 т.м. үшін 1,2 – 2,8 еуродан кем емес болуға тиіс. Қозғалтқышының көлемі 3000 және одан да көп болатын автокөліктерге бағасының 30%, бірақ 1 т. см үшін 2,8 еуродан кем емес баж салығы салынады.
3 –тен 5 жылға дейін пайдаланылған көліктер үшін — кедендік бағасының 35%, бірақ 1 т.м. үшін 1,2 – 2,8 еуродан кем емес. Қозғалтқышының көлемі 3000 және одан да көп болатын автокөліктерге бағасының 35%, бірақ 1 т. см үшін 2,8 еуродан кем емес баж салығы салынады.
5 жылдан асқан көліктер –1 т. см. үшін 2,5 еуро – 5,8 еуро. Қозғалтқышының көлемі 3000 және одан да көп болатын автокөліктерге 1 т. см үшін 5,8 еуродан кем емес баж салығы салынады.
Сонымен бірге, қозғалтқышының көлемі 3000 текше см-дан асатын автокөліктерді әкелу кезінде импортқа ҚҚС мен акциздық алым төлеу керек.